Қарағандыда цифрлық реанимация іске қосылды

Қарағанды облысында реанимация бөлімшелері цифрлық форматқа көшіріліп жатыр.

1795419847584197.jpg

(Сурет: Қарағанды облысының әкімдігінен алынды)

Енді медициналық жабдықтар пациенттердің жағдайы туралы мәліметтерді бірыңғай ақпараттық жүйеге автоматты түрде жолдайды. Дәрігерлер науқастардың өмірлік маңызды көрсеткіштерін нақты уақыт режимінде бақылап, қауіпті өзгерістерді дер кезінде анықтай алады. Пилоттық жоба Қарағанды қаласындағы №2 Перинаталдық орталықта іске қосылды.

Бұл жүйе әсіресе шала туған нәрестелерге күтім жасайтын бөлімше үшін маңызды. Өйткені олардың жағдайы өте жылдам өзгеруі мүмкін. Сондықтан өмірлік маңызды көрсеткіштерді үздіксіз бақылаудың маңызы зор.

Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің түсіндіруінше, цифрлық реанимацияның басты ерекшелігі – медициналық деректердің автоматты түрде жинақталуы.

– Реанимациядағы әрбір орын датчиктері бар медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Олар жүрек соғу жиілігін, қандағы оттегі деңгейін, тыныс алу жиілігін және басқа да көрсеткіштерді тіркейді. Бұрын медицина қызметкерлері бұл мәліметтерді құрылғылардан өздері қарап, құжаттарға қолмен енгізетін. Енді ақпарат жүйеге автоматты түрде түседі, – деді Константин Ильницкий.

Электрондық жүйеде әр пациенттің жағдайын бақылау тарихы қалыптасады. Дәрігерлер ағымдағы көрсеткіштерді ғана емес, белгілі бір уақыт аралығында баланың жағдайы қалай өзгергенін де көре алады.

Технологияның тағы бір мүмкіндігі – көрсеткіштердің өзгеру динамикасын талдап, науқастың жағдайының нашарлауын болжау. Бұл медицина мамандарына алаңдатарлық өзгерістерге дер кезінде назар аударуға көмектеседі. Дегенмен жүйе дәрігерді алмастырмайды: медициналық шешімдердің барлығын бұрынғыдай мамандардың өздері қабылдайды.

Әзірге цифрлық реанимация жүйесі №2 Перинаталдық орталықта сынақтан өткізіліп жатыр. Алдағы уақытта жобаны облыстағы тағы 14 медициналық ұйымға енгізу жоспарланған. Жалпы, 179 реанимациялық орынды цифрлық жүйемен жабдықтау көзделіп отыр.

Олардың қатарында облыстық клиникалық аурухана, Кардиологиялық орталық, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран және Приозерск қалаларындағы көпбейінді ауруханалар, сондай-ақ аудандық ауруханалар бар.

Облыс әкімдігінде цифрландыру мәселелері бойынша өткен кеңесте өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев цифрлық технологиялардың нақты нәтижеге бағытталуы керектігін атап өтті.

– Цифрлық технологиялар адамдарға нақты пайда әкелуі тиіс. Медицина саласында бұл, ең алдымен, пациенттердің жағдайы туралы ақпаратты жедел алу, дәрігерлерге уақытылы шешім қабылдауға көмектесу және медициналық көмектің сапасын арттыру мүмкіндігі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Цифрлық реанимацияны енгізу медицина қызметкерлерінің құжат толтыруға жұмсайтын уақытын қысқартып, оны пациенттерге көбірек бөлуіне мүмкіндік береді. Ал үздіксіз мониторинг науқастардың жағдайындағы өзгерістерді тәулік бойы бақылауға жол ашады.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар