Айбар Серкебаев пен Ақбота Керімбекова дуэт құрмақ

«Жарығым-ай» деп ән салған Каспий тобының да ғұмыры ұзақ бола қоймады. Дегенмен, топ мүшелері де, орындалған әндер де халық жадында мәңгіге сақталды. Солардың бірі Айбар Серкебаев. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген ол өз бағытын таңдап, тыңдармандарға Каспий тобының құрамында танылды. Бүгінде, жеке шығармашылығын қолға алған Айбармен сұхбаттасып, өнердегі тың серпілістерін білген болатынбыз.

1.JPG

– Сіздің ойыңызша өнер немен өлшенеді?

– Өнер еңбекпен, талантпен бағаланады. Осы екі қасиет адам бойында ұштасар болса, ол халықтың сүйіктісіне айналары сөзсіз. Оған қоса, жайлы мінез адамның тәрбиесі мен көрегенділігінің белгісі деп ойлаймын. Өнердің өлшемі осылармен бағаланады десем артық айтқандық емес. Бірақ, қазіргі кезде өнер ақшамен де бағаланып кететін тұстары бар. Мәселен, адамның бойында дарыны бар, өнерлі болып, еліне еңбегін сіңіріп талантын халқына паш еткісі келсе де кейбір продюсер сымақтар оның ақшасы жоқ болса ысырып қоя салады. Бұл жерде де «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегеннің кері.

– Өнер жолында осы уақытқа дейін әттеген-ай деген кезіңіз болды ма?

– «Қолымды мезгілінен кеш сермедім», – дейді Абай атамыз. Топпен жүрген кезде өзіміздің жеке шығармашылығымызға ден қоймадық, соған «әтттеген-ай» дейтін кездерім болады. Бірақ, ол уақыттарда топпен жұмыс жасадық, гаcтрольдер, шығармашылық кештер деп жүрдік те оған уақыт та болмады. Жастықтың буымен мен деген дүниеге мән де бермеппін. «Каспий» тарағанда іштей өкініш болды.

– Қазіргі қазақ эстрадасының қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар деп ойлайсыз? Қазақ өнеріне қандай баға берер едіңіз?

– Біздің эстрадамыздың шет мемлекеттердегі өнер адамдарына қарағанда бір артықшылығы – сыйластығымызда. Жасын, өнерін сыйлаймыз, бір-бірімізді түсінуге тырысамыз. Сонымен қатар, қазақтың кең-байтақ даласында өскендіктен, диапазонымыз әлдеқайда кең. Қазақтың әншісі әуенін әуелеткенде барлық ауылға тарайтын еді ғой бұрындары. Міне бізде соның сарқыншағы бар. Оған Димаштың өзі дәлел бола алады. Тағы бір ерекшелігіміз ел болып, халық болып өнерге жақынбыз. «Әу» демейтін қазақ жоқ қой.

2.JPG

Тыңдарманның таңдауы сол болды ма, сахнаны сыйламағандықтың белгісі ме, мүмкін басқа де себептер бар шығар ер адамға жат қылықтар жасап, еркектік болмысын қорлап сахнаға шығып, соны өнер деп жүргендер көбейді. 2003-2007 жылдары біз академияда оқыған кезде, халықтың алдына көшеде жүрген туфлимен, шалбармен өлсек те шықпайтын едік. Әр нәрсеге мән беріп, мұнтаздай болып өнер көрсететінбіз. Қазіргі кездері соған мән берілсе, әнді сарапқа салса, болады-болмайды, жақсы-жаман, ақ-қара деген сияқты, електен өтіп отырса жақсы болар еді. Сараптауды тек халыққа ғана тапсырып қоймай, өнер сахнаға ұсынылмас бұрын реттелгенін іштей қалаймын.

– Өнер адамының бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Тек өнерде ғана емес, өмірде де адамның мінезі үлкен рөл атқарады. Мінезің жайлы болса, әр ортада өзіңді ұстай білсең, жан-жағыңа сыйлы боласың. Әншілігің бір бөлек, өте керемет жан екен деп жатады ғой кейбір әншілерді. Барлығы сондай болу керек. Кейде артық кетіп қалған жерлер бізде де болады, мінезімізді көрсетеміз, әнші болмасаң да, жігіттік намысына тиеді. Сондай кезде бізді халық дұрыс түсінбей қалып жататыны да бар. «Ойбу, мынау жұлдыз екен», – деп, бірден жаман ойлайды. Не де болса таяқтың екі ұшы бар. Содан кейін 1% талант, қалған 99 % еңбек.

– Жеке репертуарыңызды қолға алу ойыңызда бар ма? Қазір қандай жұмыстар жасап жатырсыз?

– Жеке репертуарымда қазір 20 шақты ән бар. Жаңа жыл тың әнмен, жаңа бейнебаянмен басталды. «Кетпе дейсің» деген туынды оқырмандарға жол тартты. Қазіргі таңда Жұлдыз FM радиосынан тыңдай аласыз. Оған қоса, «Қарақат» атауымен тағы бір туынды жазылу барысында. 70% дайындалып болды. Сөзін жазған – Саят Әбенов. Мамырға дейін осы екі туындыны бейнебаян түрінде халыққа ұсынбақпын. Сонымен қатар, Ақбота Керімбекова екеміз дуэт боламыз деп шештік. Әзірге ән таңдап жатырмыз. Наурыз айында осы дуэтіміз Павлодар қаласында шығармашылық кеш береміз. Осы 2019 жылға үміт көп, Алла қаласа біртіндеп орындалатын болады.

3.JPG

– Ән таңдағанда неге мән бересіз? 

– Әнге әуен мен сөз таңдаған кезде алдыңғы буын ағалармен ақылдасып, кеңес сұраймын, осы тұрғыдан келгенде кірпиязбын. Бір ақын маған өлеңін ұсынса, бас салып, жазып тастағаннан аулақпын. Бірнеше мәрте ой елегінен өткізіп, айтуға ыңғайлы етіп жазылғанын жөн санаймын. Әсіресе, Ринат Зайытов, Талант Арынғали, Саят Әбенов, Ораз Қиынбаев сынды ақындармен жұмыс жасаған ұнайды. 

– Бүгінгі күннің әншісі кімге қарап өсуі керек деп ойлайсыз?

– Мен жас күнімде Рамазан Стамғазиев, МузАрт тобындағы Мейрамбек ағамызға қатты қызығып, болмасаң да ұқсап бақ деп сол кісілердің дауыстарын, образдарын қайталауға тырысатынмын. Сөйтіп жүргенде өзіңнің қалай қалыптасқаныңды байқамай да қаласың. Осы сәтте қиялымызға қанат бітірген Лұқпан Жолдасов болды. Әрбір адамның күш беретін, арман-қиялын асқақатататын адамы болады. Сол сияқты мен Лұқпан ағамыздың алдына 2009 жылы тура 10 жыл бұрын барып, әлі күнге дейін тәлім-тәрбиесін алып келемін. Жауапкершілігі, тиянақтылығының өзі үлкен мектеп біз үшін. Әлі де болса жастар осы кісілердің мектебінен өтіп, үлгі тұтқанын қалаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Ай қызы 

Mezgil.kz




Ұқсас тақырыптар