Робототехника – еліміздің болашағы

Қазақ робототехникасы күннен-күнге қарқын алып, даму үстінде. Әсіресе мектеп оқушыларының бұл салаға деген қызығушылығы жоғары. «Сандық Қазақстан» бағдарламасы аясында, робототехниканы меңгеру қолға алынғаннан кейін, талантты жастарды бейімдеу, тың жобалар ұсыну үлкен маңызға ие болып отыр.

0.JPG

Алматыдағы №178 лицей оқушылары 2 жылға жуық уақыт робототехника, физика, математика салаларын қосымша меңгеріп, ақылды қазақ үй, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған роботтар жасап шығарған. Ұстаздары робототехниктер Талап Абайкенұлы және Бегалы Тоқбергенұлының нұсқауымен жасалған жобалар Республикалық және қалалық деңгейдегі РоботХ сынды байқауларда топ жарып, үздіктер қатарынан көрінген.

«Робототехниканы ер балалар меңгеруге міндетті. Өйткені болашақ техникамен тығыз байланысты. Егер, ертеңгі күні көптің бірі болғың келмесе, онда қазірден бастап әрекетке көшуің керек. Әлемді робот билей алмайды. Өйткені оны басқаратын адам. Дегенмен әлем техникаға толығымен өтетін уақыт келеді», - дейді 6-сынып оқушысы, жас өнертапқыш Олжас Санатұлы.

1.JPG

Курс барысында ұстаздар әр сыныпқа деңгейіне байланысты сабақтақтар өтеді. Балалар өздері робот дайындап, оларды бағдарламалық негізде басқаруды үйренуде. Сабақ барысында теория мен практика қатар жүреді. Робототехникаға қызығушылық танытқан кез келген оқушы өз білімін шыңдап, ойдағысын жүзеге асыруға құқылы.

«Ең алғаш Бегалы ағайдың алдына робототехниканы үйренемін деген құлшыныспен келдім. Бастапқыда бәрі оңай, кубиктар секілді құрастырып, бірден роботтарымды сөйлетіп, жүргізіп кетемін деп ойладым. Бірақ әрбір бөлшекке мән беріп, бәрін бағамдап алмасаң, кішкентай нәрсені дұрыс жазбасаң жасаған жұмысың зая кететінін түсіндім» дейді өнертапқыш Әділет Әбубәкір.

Жастайынан осы саланы меңгеруге құлшыныс білдіріп, қызығушылық танытқан Аманов Мадияр, Темірхан Азамат, Досым Қанатұлы сынды өнертапқыштар да ел болашағына үлес қосуға ниетті.

2.JPG

«Робототехника – еліміздің болашағы. Мемлекетіміздің алдыңғы қатардан көрінуіне үлес қосатын саланы меңгеру біз үшін өте қызық. Қазіргі таңда көптеген жобаларды жасаудамыз, болашақта оларды жүзеге асырып, халыққа пайдамызды тигізгіміз келеді», - дейді олар.

Жігіттермен бірге біздің журналистік топ та сабақ өтіп, құлтемірді бағдарламалық код арқылы жүргізуді үйренді. Жұмыс жасау барысында әрбір сан, әрбір әріп үлкен рөл атқаратынын түсіндік. Оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығы өте жоғары. Қызығушылықтарын кәсібилікке айналдырғысы келетін өнертапқыштарға сәттілік тілейміз!

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар