Түйежапырақтан дәрі жасаудың үлгісін ұсынған Ақбота

Қуандықова Ақбота Бостандыққызы – Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университетінің Кешенді химия-биологиялық ғылыми зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, 1 курс докторанты, жас ғалым. Үлкен түйежапырақ өсімдігінің жер үсті бөлігінен биологиялық белсенді заттар алудың технологиялық үлгісін қарастырып, елімізде өсетін шипалық қасиетке ие дәрілік өсімдіктің медицина саласына пайдалы нұсқаларын ұсынған. Дәрілік өсіміктердің химиялық құрамын анықтаудыңқыр-сырын Ақботадан сұрап көрген болатынбыз.

1.JPG

– Ғылымға қай уақыттан бастап қызықтыңыз?

– Университет табалдырығын аттағаннан бастап химияға қызығушылығым артты. Лабораториядағы жұмыс барысы менің ынталандырды. Әсіресе өсімдіктерді зерттеуге ерекше ден қойдым. Оған себеп, Қазақстанда өсетін дәрілік шикізаттармен Университетіміздің Химия кафедрасының доценті, қауымдастырылған профессор Әзімбаева Гүлбайра Ералықызы болды. Күнделікті көріп жүрген өсімдіктердің адамға қаншалықты пайдалы екенін пайымдамаған кезім болатын. Бәрін білгенде зейінім ашыла түсіп, осы саланың адамы екенімді түсіндім. Содан бері, республикалық, халықаралық конференцияларға және Білім және ғылым министрлігінің ғылыми зерттеу жұмыстарының байқауларына қатысып жүлдегер атандым.

– Үлкен түйежапырақтан дәрілік препарат алудың қандай артықшылықтары бар? Биологиялық белсенді зат алудың технологияларына тоқтала кетсеңіз.

– Жұмыс барысында Қазақстандағы өсетін дәрілік өсімдіктердің құрамындағы амин қышқылдары, эфир майы, белок, алколоидтар, гликозидтер, кумарин, клечатка, пектинді заттар, инулин сынды биологиялық белсенді заттардың мөлшерін анықтаймыз. Олар биологиялық қоспа ретінде адам бойындағы әртүрлі ауыруларды емдеуге мүмкіндік береді. Қазақстанның барлық жерінде кездесетін өсімдіктің бұл түрін шикізат көзі ретінде пайдаланамыз. Түйежапырақ көбінесе таулы аймақтарда, су жағасында өседі. Қазіргі уақытта біз тек Алматы мен Түркістан облысында өсетін түрлерін ғана сынақтан өткізіп, пайдаланудың жолдарын қарастырудамыз.

2.JPG

– Лабороторияда зерттеу жұмыстары қалай жүзеге асырылады? 

– Ең алдымен қажетті шикізатты жинап, кептіру жұмыстарымен басталады. Дәрілік өсімдік құрамындағы биологиялық белсенді заттардың мөлшерін анықтаудың әдістерін қарастырамыз. Химиялық тұрғыдан зерттеу  жасағаннан кейін  құрамы мен құрылысын физика-химиялық зерттеу әдістерімен анықтап, талдау жасаймыз. Ғылым болған соң барлық жағдайлар, қиыншылықтар болуы мүмкін. Ал, лаборатория жағдайында нақты ғылым болғандықтан асықпай, жан-жақты зерттеу керек.

– Жобаларыңыздың  мақсаты қандай? 

– Жобаның мақсаты – Қазақстанда өсетін дәрілік шикізаттың құрамындағы биологиялық белсенді заттардың мөлшерін анықтап, бөліп алудың тиімді жағдайларын қарастыру. Сонымен қатар, елімізде өсетін дәрілік шикізатттарды зерттеп, медицина, фармацевтика  саласында пайдалану жолдарын қарастыру.

3.JPG

– Үлкен түйежапырақ дәрілік өсімдігі қандай ауруларды емдейді?

– Бұл өсімдік қант диабетімен ауыратын науқастарға пайдалы. Сонымен қатар жас жапырақтарының спирті ерітіндісін пайдаланып аяқ қақсағанда, тамақ ауырғанда компресс жасауға болады. Оған қоса үлкен түйежапырақ өсімдігінде  мастид ауыруына емдеуде қолданылатын биологиялық белсенді зат кездеседі. Ресейде бұл өсімдікті дәрілік және күнделікті тағамдық шикізат ретінде қолданады. Мемлекеттік стандартқа сай өнім алып, сараптамаға жіберіп, фармацевтика саласымен байланыс орнатып, өнімді ұсыну алдағы уақыттың еншісінде.

– Ғылым саласында қандай қиындықтары кездеседі?

– Алдыға қойған мақсатымызға жету үшін көп қиындықтар кездесетіні бәрімізге белгілі. Бірнеше кезеңнен өткенде ғана ойдағыдай нәтиже болады. Десек те, қазіргі таңда ғылым қарқынды түрде дамып жатыр. Оған мүмкіндіктер көп қарастырылуда. Мәселен, Университетіміздің басшылығының қолдауымен Кешенді химия-биология ғылыми зерттеу орталығы ашылды. Орталық соңғы заманауи үлгідегі органикалық және бейорганикалық заттардың құрамы мен құрылысын анықтауға мүмкіндік беретін қондырғылармен жабдықталған. Орталықта студенттер, магистранттар, докторанттар және Жас ғалымдар өздерінің ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша зерттеу нәтижелерін ала алады. Жастардың ғылыммен айналысуына ешқандай кедергі мен қиындық жоқ екенін байқаймыз.

4.JPG

– Жас ғалым қандай болуы керек? Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз? Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Ең бірінші жас ғалымның бойында жауапкершілік болуы керек. Жауапкершілікті сезінгеннен бастап адам сол жолда қызмет ете алады. Білім мен басекеге қабілеттілік те болу шарт.

Қазіргі таңда, ғылыми жетекшім х.ғ.д., профессор Б.Ж.Жиембаевтың жетекшілігімен жаңа фосфор органикалық заттарды синтездеу бағыты бойынша жұмыс жасаудамын. 

Әр жас ғалым өзін жақсы қырынан көрсете білсе, барлық мүмкіндікті пайдаланып, қоғам үшін жұмыс істесе еліміздің болашағы жарқын болады. Алдағы уақытта, еліміздің ғылым саласының дамуына азда болса, өз үлесімді қосқым келеді.

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар