Қауіпсіздік, жайлылық және жылдамдық: Алматы цифрлық дәуірге қадам басты

Алматы – алып шаһар. Ірі мегаполис. Әлем қалаларының қатарына кіретін керемет қала. Кез келген қаланың дамуын жаңа ғимараттарымен, түзу жолдарымен немесе бой көтерген нысандарымен өлшеу жеткіліксіз. Бүгінгі мегаполистің мүмкіндігі оның тұрғындарына қаншалықты қолайлы орта қалыптастыра алғанынан, уақытын үнемдеп, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуынан да көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, Алматыда цифрландыру бағытында қолға алынып жатқан жобалар қаланың даму сипатын түбегейлі өзгертуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі деуге болады. Алматы бұл тұрғыдан өзге қалалардан оқ бойы озып, алда келеді.


WhatsApp Image 2026-11-16 at 15.58.55.jpeg

 (Сурет ЖИ көмегімен жасалды)


Цифрландыру дегеніміз — қағаз құжаттарды электронды форматқа көшіру немесе жаңа қосымша іске қосумен ғана шектелмейтін ауқымды процесс. Оның негізгі мақсаты — технологияны адамның күнделікті өміріне пайдалы ету. Мәселен, тұрғын қажетті қызметті бірнеше минутта алса, жүргізуші жолдағы кептелісте аз уақыт жоғалтса, ал тауда адасқан турист ұялы байланыс ұстамайтын жерде де құтқарушыларға белгі бере алса, цифрлық шешімнің нақты пайдасы осындай сәттерде байқалады.

 

Алматыда сынақтан өтіп жатқан AG Tag жүйесі осының айқын мысалы. Қаланың таулы аймақтарында жыл сайын мыңнан астам іздестіру-құтқару жұмысы жүргізіледі. Туристік бағыттардың бірқатарында ұялы байланыс жоқ болғандықтан, төтенше жағдайға тап болған адамның нақты орнын анықтау құтқарушылар үшін оңай емес. Мұндай кезде әр минуттың маңызы зор.

 

AG Digital KZ әзірлеген шағын құрылғы осы мәселені шешуге бағытталған. Оның басты ерекшелігі — жұмыс істеу үшін SIM-карта, мобильді интернет немесе ұялы байланыс қажет емес. Құрылғы спутниктік навигация арқылы адамның координаттарын анықтап, оларды радиобайланыс арқылы құтқару қызметінің базалық станциясына жібереді. Орналасқан жер туралы деректер әр екі секунд сайын жаңартылып отырады. Ал қауіп төнген жағдайда турист SOS батырмасын басып, дабыл белгісін бере алады.

 

Жоба аясында туристерге құрылғыны eGov Mobile қосымшасындағы QR-код арқылы беру тетігі қарастырылған. Адам тауға шығар алдында бағытын және қайту уақытын тіркеп, құрылғыны алады. Сапардан оралған соң оны арнайы пунктке қайтарады. Алматының негізгі туристік бағыттарында осындай жабдық беретін 12 орын ашу жоспарланған. Олардың қатарында Медеу, Шымбұлақ, Алма-Арасан, Аюсай, Кімасар, Көкжайлау және Бұтақты бар. Бұл туристер ең көп баратын бағыттар саналады.

 

Құрылғы Алматының алты таулы бағытында, соның ішінде Турист, Панорама, Букреев және Фурманов шыңдары мен Үлкен Алматы көлі маңында сынақтан өткен. Құтқару қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық жедел-құтқару жасағымен бірлескен тексерулер де жүргізілген. Ендігі кезеңде туристер мен альпинистер қатысатын пилоттық сынақтарды бастау көзделіп отыр.

 

Цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты — қаланы басқару жүйесін жаңғырту. Алматының халқы мен көлік саны өскен сайын жол қозғалысын, коммуналдық желілерді, экологиялық ахуалды және қоғамдық қауіпсіздікті дәстүрлі тәсілдермен басқару қиындай түседі. Сондықтан қалалық қызметтерге деректерді талдау, автоматтандыру және жасанды интеллект құралдарын енгізу қажеттілігі артып келеді.

 

Алматының 2026–2030 жылдарға арналған Smart City стратегиясында осы бағыттар қамтылған. Қалада қоғамдық көлікті цифрлық бақылау тетіктері де қолданылады. Автобустар GPS-трекерлермен және бейнекамералармен жабдықталған, ал жолақы төлеудің электрондық жүйесі ONAY арқылы жүзеге асады. Бұл шешімдер жолаушыға жолақысын қолма-қол ақшасыз төлеуге мүмкіндік берсе, көлік қызметін ұйымдастырушыларға маршруттар мен қозғалыс кестесін бақылауға жағдай жасайды. Алдағы уақытта интеллектуалды жүйелерді дамыту арқылы көлік қозғалысын тиімді басқару жетілдіріле бермек.

 

Дегенмен цифрлық қаланың негізі тек құрылғылар мен бағдарламалардан тұрмайды. Ең басты ресурс - сол технологияны жасайтын және қолдана алатын адам. Осы тұрғыдан алғанда, Алматыда жүзеге асып жатқан AI Talents Almaty білім беру жобасының маңызы ерекше.

 

Жобаға IT саласында бұрын тәжірибесі болмаған оқушылар да қатыса алады. Алғашқы іріктеу тестінен 10 мың бала өткен. Олардың 1500-і тереңдетілген оқуға қабылданып, мыңнан астамы бағдарламаны аяқтап, Junior әзірлеуші сертификатын алған. Оқушылар жай ғана дайын бағдарламаларды пайдалануды емес, қосымша, цифрлық сервис және жасанды интеллект агенттерін әзірлеуді үйренеді. Үш офлайн хакатон өткізіліп, қатысушылар өз жобаларын сарапшылар алдында қорғаған болатын.

 

AITK Fest 2026 қорытындысында үздік деп танылған 11 оқушыға АҚШ-тың Кремний алқабына бару мүмкіндігі берілді. Олар қараша айында TechEquity AI Summit 2026 конференциясына қатысу, NVIDIA компаниясының өкілімен кездесу, Стэнфорд және Беркли университеттерімен танысу бағдарламасына аттанды.

 

Бүгінгі оқушы ертең қаланың көлік жүйесін жетілдіретін, қауіпсіздікке арналған құрылғы жасайтын немесе медицина мен білім саласына жаңа цифрлық шешім ұсынатын маман болуы мүмкін. Сондықтан жасөспірімдердің технологиялық сауатын арттыру — қаланың ұзақ мерзімді дамуына салынған инвестиция деуге болады.

 

Алматыда 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланған еді. Ал қаланың 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына цифрлық трансформация жеке басымдық ретінде енгізілді. Бұл көлік пен коммуналдық шаруашылықтан бастап, экология, медицина, білім беру, туризм және қоғамдық қауіпсіздікке дейінгі салаларды қамтиды.

 

Әрине, жаңа технология енгізілді екен деп, барлық мәселе бірден шешіле қоймайды. Жасанды интеллект жобалары да нақты нәтижесімен бағалануға тиіс. Сонымен бірге жеке деректердің қорғалуы, цифрлық қызметтерді егде жастағы адамдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да пайдалана алуы назардан тыс қалмауы қажет. Дегенмен, қаланың цифрландыру әрекеттері қазірдің өзінде нақты нәтижелерімен көңіл қуантуда.

 

Ақылды және цифрлық қала дегеніміз — көшелеріне камера орнатылған, әр бұрышында экран тұрған мегаполис қана емес. Ол — технологиясы адамға қызмет ететін, шешімдері нақты дерекке сүйенетін, тұрғындарының уақыты мен қауіпсіздігін бағалайтын қала. Ең маңыздысы, цифрлық өзгерістер алматылықтардың күнделікті өмірінен сезілуі керек. Сонда ғана цифрландыру қаланың дамуына серпін беретін нақты күшке айналады. Қазіргі жасалып ждатқан қадамдар осыны көздейді.

 

Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар