Құрылтайда жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға міндетті аударымдарын пайдалану тәртібін жетілдіру ұсынылды. Мұндай аударымдардың мөлшері өндіріске кететін шығындардың 1%-ын құрайды.

(Сурет:Құрылтайдың баспа сөз қызыметінен алынды)
Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев Құрылтайда Жоғары аудиторлық палатаның ғылымды дамыту саласындағы мемлекеттік аудиттің қорытындылары туралы есебін қарау барысында атап өткендей, бұл қаражат еліміздің өнеркәсібі мен экономикасына қажетті зерттеулер мен технологияларға бағытталуға тиіс. Қаржы министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың тоғыз айында осы бағыт бойынша 4,5 млрд теңге түскен.
Комитет бұл қаражатты бөлек есепке алып, жобаларды ашық конкурстық іріктеуді қарастыруды ұсынып отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, уақтылы қаржыландыру мен мониторингке жауапты оператор ұйымды айқындауды ұсынды. Операторды таңдау кезінде функциялардың қайталануын болдырмау үшін жұмыс істеп тұрған ұйымдардың мүмкіндіктері мен әкімшілендіру құны ескерілгені жөн.
Сондай-ақ, технологиялық сұранысты қалыптастырудан бастап, нәтижелерді растауға дейінгі барлық кезеңдерде салалық министрліктердің келісілген жұмысын қамтамасыз ету ұсынылды.
Басым бағыттар ретінде өндіру мен қайта өңдеу тиімділігін арттыру, ресурс үнемдеу, өнеркәсіптік қауіпсіздік, экология және өндірістік процестерді цифрландыру белгіленді.
Mezgil.kz