Қазақстан Азия даму банкінен 3,4 млрд қытай юані көлемінде қарыз тартпақ

Қазақстан Азия даму банкінен (АДБ) 3,4 млрд қытай юані көлемінде қарыз тартпақ. Қаржы министрі Мәди Тәкиев не себепті қарыз алу үшін Қытай валютасы таңдалғанын түсіндірді.

1793788947768445.png

(Сурет: qaz.ulysmedia.kz)

Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімге 11 қыркүйекте қол қойылған. Құжатқа сәйкес, қарыз көлемі – 3 млрд 411 млн 350 мың юань.

Қаражат 15 жыл мерзімге беріледі. Оның ішінде үш жылдық жеңілдік кезеңі қарастырылған. Бұл уақытта Қазақстан негізгі қарызды қайтармай, тек пайызын төлейді. Ал пайдаланылмаған қарыз қаражатын резервте ұстағаны үшін алынатын комиссия мөлшері 0,15%-ды құрайды.

Мәди Тәкиев Құрылтай отырысында қарызға алынған ақша көлік инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ өнеркәсіп пен білім саласына бағытталатынын айтты. Азия даму банкі қарыз қаражатының қалай жұмсалатынын қадағалайды және қажет болған жағдайда аудит жүргізуге де құқылы.

Келісімді ратификациялау туралы заң жобасын талқылау кезінде депутат Юрий Ли қарыз алу үшін неліктен қытай юані таңдалғанын сұрады. Бұған дейін Азия даму банкі Қазақстанға жапон иенасымен қарыз берген еді.

Министрдің айтуынша, Қаржы министрлігі әлемдік қаржы нарығындағы жағдайды бақылап, қарыз тарту шарттарын талдайды. Оның сөзінше, қытай юанінің бағамы тұрақты:

— Жапон иенасымен қарыз тартқан кезде пайыздық мөлшерлемелер басқаша болды. Алайда екінші жартыжылдықта Жапонияның ішкі нарығындағы жағдай өзгеріп, мөлшерлемелер сәл көтерілді. Сондықтан қазір юаньмен қарыз тарту тиімді бағыттардың бірі саналады. Пайыздық мөлшерлемелер тұрақты, ал бағам паритетімен ерекшеленеді, — деді Мәди Тәкиев.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар