Жетісу: Сарыөзекте күрделі жөндеуден өткен аурухана ашылды

Жетісу облысы Кербұлақ ауданының тұрғындары сапалы медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды.

1792423706779884.jpg

(Фотограф: Қанат Өмірәлинов)

Енді қажетті тексерулерден өтіп, ем-домды аудан аумағында алуға болады. Республика күні қарсаңында Сарыөзек ауылында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сейсмикалық күшейтуден өткен орталық аудандық аурухана ашылды. Жалпы, соңғы үш жылда ауданның ауылдық елді мекендерінде 19 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді.

Кербұлақ аудандық орталық ауруханасының стационарлық бөлімі 1986 жылы салынған. Ғимарат пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жүргізілген жұмыстар стационарлық медициналық көмек көрсету жағдайларын жақсартуға, пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы орта қалыптастыруға, сондай-ақ мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді. Жаңартылған ғимарат 120 төсек-орынға арналған.

- Біздің аурухана - аудан тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық және мамандандырылған медициналық көмек көрсететін көпбейінді медициналық ұйым. Мұнда терапиялық, хирургиялық және травматологиялық көмек көрсетіледі. Аурухана құрылымына перзентхана, педиатрия, инфекциялық және басқа да бөлімшелермен қатар, диагностика және реанимация бөлімдері кіреді, - деді Кербұлақ аудандық ауруханасының директоры Жанета Нұрманбетова.

Аудандық орталық аурухананы жаңғыртудың басты игіліктерінің бірі – мұнда медициналық жабдықтар жаңартылды.

Мекемеде кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.

Мұнда 83 бірлік медициналық техника, сондай-ақ 601 дана жиһаз бен төсек-орын жабдықтары сатып алынды. Қазіргі уақытта ауруханада компьютерлік томограф, рентген, маммограф және ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) аппараттары толыққанды жұмыс істеп тұр. Осылайша аудан тұрғындарына заманауи диагностикалық қызмет көрсетіледі. Бұл - өңір халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Мекемеде кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында 2024 жылдан бері ауданға 14 дәрігер жұмысқа келді.

- Мен аудандық ауруханада жас маманмын, эндокринолог дәрігер болып жұмыс істеймін. Маған 10 млн теңге көлемінде біржолғы көтермеақы берілді, бұл бізге - үлкен қолдау. Сонымен қатар баспана мәселесі де шешілді. Мұндай мемлекеттік қолдау ауылдық жерлерді білікті медицина мамандарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ендігі менің басты міндетім – өзіме артылған сенімді ақтау. Өз тарапымнан пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсету үшін бар күшімді салып келемін. Осы тұрғыдан алғанда, аурухананың жаңартылуы да жұмысымызға үлкен қолдау болып отыр, - деді Айдана Маратқызы.

Жаңартылған аурухана туралы жергілікті тұрғындар пікір білдірді. Солардың қатарында Сарыөзек ауылының тұрғыны Жанат Ахметова да бар:

– Менің төрт қызымның төртеуі де осы ауруханада дүниеге келді. Әрине, соңғы жылдары аурухана ғимараты ескіріп, тозған болатын, сондықтан күрделі жөндеу жасағаны жақсы болды. Ауруханамыз заманауи кейіпке енді, жаңа құрал-жабдықтар әкелінді. Ауданға дәрігерлер, жаңа мамандар келіп жатқанына қуаныштымыз. Жалпы алғанда, мұның бәрі тұрғындардың денсаулығын жақсартуға оң әсер етеді деп сенеміән, - деді ол.

Бұл пікірге ауыл тұрғыны Сламбай Тоқабаев та қосылды:

- Ауруханамыз ашылғалы бері, яғни осыдан 40 жылдай уақыт бұрын салынғаннан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Мысалы, бұрын стационарға емделуге келгенде іші қараңғы, бәрі ескі болатын. Тіпті, кейде жазылып шығатыныңа деген сенім де азаятын. Қазір бәрі өзгерді: іші жарық әрі жайлы. Сонымен қатар барлық қажетті медициналық жабдықтар орнатылған. Бұрын компьютерлік томографиядан (КТ) өту үшін Талдықорғанға баруға тура келетін. Енді бұл мәселе де шешілді. Бұған қоса, мемлекеттік қолдаудың арқасында ауданымызға білікті дәрігерлер келді, – деп ой бөлісті ауыл тұрғыны.

Кербұлақ аудандық орталық ауруханасының жаңартылып, қолданысқа берілуі ауданның денсаулық сақтау саласын дамытудағы маңызды кезең деуге болады. Медицина мамандарының жұмысына және пациенттердің ем алуына заманауи жағдай жасау медициналық қызмет сапасын арттыруға әрі тұрғындарға уақытылы көмек көрсетуге бағытталған.

Еске салсақ, бұған дейін Ақсу ауданындағы орталық аудандық аурухана да күрделі жөндеу мен сейсмикалық күшейту жұмыстарынан кейін пайдалануға берілген болатын.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар