Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында «Нұр Отан» партиясының бұрынғы идеологы Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Осы тұста El Media» журналисі Аян Шәріпбаевтың Facebook парақшасында Санжар Боқаевтың бұрынғы саяси өмірін өткір сынға алған жазбасы жариялады.

(Сурет: Аян Шәріпбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды)
Шәріпбаевтың пікірінше, утильалымға қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүрген, Алматы әкімдігін ымырасыз сынаушы ретінде танылған Боқаевтың бейнесінің ар жағында ұзақ жылдар бойы сөз бостандығын шектеу арқылы мансап құрған, әр қадамын есеппен басатын саяси технолог тұр.
«Бұл адам жылдар бойы Алматыдағы қуғын-сүргін жүйесінің негізгі тетіктерінің бірі болды. Тәуелсіз редакцияларды тұншықтыру ісін тікелей өзі үйлестірді, «сенім ұялатпайтын» журналистердің тізімін жасады, билік мүддесіне қызмет ететін арандатушылық әрекеттерді ұйымдастырды», – деп жазды журналист.
Ол Боқаевтың аяқ астынан оппозиционер кейпіне енген уақыттан бері кәсібін күйретіп, тағдырына балта шапқан адамдардан бірде-бір рет кешірім сұрамағанын да атап өтті.
Жазба авторының айтуынша, Боқаевтың қоғам алдындағы белсенділігі қашанда таңғаларлықтай талғампаз сипатта болған. Жекелеген министрлер мен шенеуніктерді аяусыз сынағанымен, ол «ескі Қазақстанның» ықпалды тұлғаларының мүддесіне келгенде үнсіз қалуды жөн көреді. Мәселен, көрермен оның «ҚазТрансГаздағы» қаржылық айла-тәсілдерін, Дариға Назарбаеваның активтері немесе әкім Ахметжан Есімов тұсындағы Алматы жерлері мен ЭКСПО бюджетінің талан-таражға түсуі туралы зерттеулерін ешқашан көрмегенін айтты.
Шәріпбаев мұндай таңдаулы сынның сырын Боқаевтың жүріп өткен қызмет жолынан іздейді. 2014 жылы Кәрім Мәсімовтің тұсында ақпарат кеңістігі қатаң бақылауға алынып, тәуелсіз БАҚ-ты жаппай тұншықтыру жүріп жатқан кезеңде Боқаев Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған. Кейін Нұрлан Нығматулиннің қамқорлығымен жұмысын жалғастырып, Президент Әкімшілігі басшысының сол кездегі орынбасары Бағлан Майлыбаевтан бұқаралық ақпарат құралдарының көзін жою жөнінде тапсырмалар алып отырған.
Есімов әкім қызметінен кеткен соң Боқаев квазимемлекеттік секторға ауысып, «ҚазТрансГаз» басшысы Қайрат Шәріпбаевтың кеңесшісі атанған. Кейін Сенатта оның жұбайы Дариға Назарбаеваның кеңесшісі қызметін атқарған.
«Осы жылдар бойы оның тасадағы басты тірегі әрі мансап баспалдағымен көтерілуіне жол ашқан күш Есімовтің тобы және, әрине, Дариға Назарбаеваның «кланы» болды», – деп түйіндейді Аян Шәріпбаев.
Жарияланымда келтірілген талдауға қарағанда, қазіргі сот процесінің шынайы себептері идеологиялық қудалаудан гөрі өткен жылдардағы экономикалық әрекеттермен көбірек байланысты болуы мүмкін.
Журналистің болжамынша, қылмыстық істің негізінде Боқаевтың квазимемлекеттік секторда қызмет атқарған кезеңіндегі қаржылық айла-шарғылар, соның ішінде консалтинг, пиар қызметтері немесе мемлекеттік сатып алулар арқылы бюджет қаражатын талан-таражға салуға қатысты алынған материалдар болуы ықтимал. Сондай-ақ оның сот алдына келуіне бұрынғы ықпалды қамқоршыларына қарсы айғақ беруден бас тартуы себеп болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Шәріпбаевтың пікірінше, бұл оқиғаның соңы сол дәуірдегі тапсырмаларды орындаушылар үшін заңды қорытынды іспетті.
«Қисынды мәресіне жетті. 2017 жылы оның Президент Әкімшілігіндегі бұрынғы басшысы Бағлан Майлыбаев мемлекетке опасыздық жасау және сыбайлас жемқорлық баптары бойынша тергеу изоляторына қамалды. 2022 жылы Мәсімов те сонда түсті. Ал 2026 жылы кезек олардың Алматыдағы тапсырмаларын орындаған адамға да жетті», – деп түйіндеді Шәріпбаев.
Mezgil.kz