48 балды көрсеткіш: IBC Global Орталық Азияның қойма нарығындағы болжамды 2026 жылғы Нобель сыйлығын алған механизммен өлшеді.

(Сурет: Шара ұйымдастырушыларынан алынды)
Көрсеткішті қалыптастыру кезінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның 100-ден астам компаниясының бағалауы мен болжамдары ескерілді. Қатысушылардың 52%-ы бір жылдан кейін сұраныс пен ұсыныс теңеседі деп күтеді, девелоперлердің 81%-ы алдағы 12 айда жаңа жобаларды іске қосуды жоспарлап отыр.
IBC Global консалтинг компаниясы Central Asia Warehouse Summit (CAWS) аясында «Орталық Азия қойма нарығының тынысы» атты жаңа көрсеткішті таныстырды. Ол қойма жылжымайтын мүлкін салушылардың, меншік иелерінің, жалға алушылардың және логистикалық операторлардың нарыққа қатысты бағалауы мен күтілімдерін көрсетеді.
2026 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша төрт елдегі «Тыныс» көрсеткіші 100 балдық шкала бойынша 48,1 балды құрады. Бұл ретте 50 балл сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін білдіреді. 50 балдан жоғары көрсеткіш оң бағалаулардың басымдығын, ал одан төмен көрсеткіш теріс бағалаудың басымдығын көрсетеді. Демек, 48 балға жуық нәтиже нарықтағы көңіл-күйдің бейтарап деңгейге жақын екенін, яғни, жағдайдың жақсаруы мен нашарлауына қатысты бағалаудың шамалас екенін білдіреді.
«Орталық Азия қойма нарығының тынысы» құрылыс көлемін, мәмілелерді, бос қойма алаңдарын және жалдау көлемін талдайтын дәстүрлі есептерді толықтырады. Жаңа көрсеткіштің негізгі міндеті – нарыққа қатысушылардың бағалауы мен болжамын көрсету, сондай-ақ, оларға әсер етуі мүмкін факторларды анықтау. Зерттеу нәтижелері девелоперлер мен инвесторларға жобаларды іске асыру жоспарларын жалға алушылар мен логистикалық операторлардың бағалауымен салыстыруға мүмкіндік береді. Ал қоймаларды пайдаланушылар өз қызметін жоспарлау кезінде жалдау шарттарының ықтимал өзгерістерін ескере алады», – деп түсіндірді IBC Global басқарушы серіктесі Станислав Ахмедзянов.

(Сурет: Шара ұйымдастырушыларынан алынды)
Болжамдарға басымдық беру тәсілі биыл экономика саласындағы Нобель сыйлығымен марапатталған экономикалық теорияға негізделген. 2026 жылғы экономика бойынша Нобель сыйлығы Роберт Холл мен Майкл Вудфордқа макроэкономикалық тұрақтандырудың микроэкономикалық негіздерін зерттегені үшін берілді: лауреаттар үй шаруашылықтарының тұтыну көлемі күтілетін табысқа, ал компаниялардың баға белгілеу шешімдері болашаққа қатысты болжамдарға тәуелді екенін көрсетті. Сондықтан тұрақтандыру саясаты болжамдарды басқару арқылы жүзеге асады.
«Қойма нарығы да осыған ұқсас қағидамен жұмыс істейді: болашақтағы ұсыныс пен сұраныс бүгінгі болжамдар негізінде қалыптасады. Жаңа жобаларды іске қосуды жоспарлап отырған девелоперлердің 81%-ы және жалдау мөлшерлемелерін негізгі кедергілердің бірі деп санайтын жалға алушылардың 50%-ы қазірдің өзінде 2027 жылғы нарықтың қалыптасуына ықпал етіп отыр. Көрсеткіш дәл осы қабатты – нарықтың болашағын айқындайтын болжамдарды өлшейді», – деп толықтырады Ахмедзянов.
Сауалнама сұрақтары іскерлік ахуал, жаңа жобаларды іске қосу жоспарлары, бизнеске кедергі келтіретін негізгі факторлар, сондай-ақ, 6 және 12 айдан кейінгі сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы туралы болды. Қатысушылар алдағы алты айға 2026 жылдың шілде-қыркүйек айларының қорытындысымен салыстырғанда анағұрлым қолайлы болжам жасап отыр. Сұраныс көрсеткіші 47,2 балдан 50,2 балға дейін көтеріліп, бейтарап деңгейге жақындайды. Ұсыныс бойынша оң бағалаулар тоқсан қорытындысында да, алдағы кезеңге арналған болжамдарда да басым: тиісінше 53,1 және 55,2 балл. Жалдау мөлшерлемелері мен коммерциялық шарттарға қатысты бағалауларда айтарлықтай айырмашылық жоқ, екі көрсеткіш те 50 балға жуық.
Қазіргі уақытта сауалнамаға қатысқандардың 45%-ы нарықта жалға алушылардың басымдығын атап өтсе, 39%-ы сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдікті көрсеткен. Ал 16%-ы жалға берушілер нарығы қалыптасқан деп есептейді. Сауалнамаға қатысушылардың 52%-ы 12 айдан кейін, 2027 жылғы қыркүйектің соңына қарай сұраныс пен ұсыныс теңеседі деп күтеді. Нарықта жалға алушылардың басымдығы сақталады деп болжайтындардың үлесі – 32%-ды, ал жалға берушілер нарығына ауысады деп есептейтіндердің үлесі 16%-ды құрайды.
Девелоперлердің нарыққа көзқарасы оң және олар инфрақұрылымдық жобаларды дамыту жоспарларын сақтап отыр. Сауалнамаға қатысқан девелоперлердің 81%-ы алдағы 12 айда жаңа қойма жобаларын іске қосуды көздейді. Сонымен бірге зерттеу нәтижелері жобаларды жоспарлау кезінде ескерілетін шектеулерді де көрсетті. Девелоперлер алдағы бір жылдағы негізгі кедергі ретінде жалға алушылар тарапынан сұраныстың төмендігін атайды (62%). Қаржыландырудың қолжетімділігі мен құнын – қатысушылардың 52%-ы, жаңа ұсыныстың шамадан тыс көбеюін – 48%, құрылыс құнын – 43%, салықтар мен реттеуші талаптарды қатысушылардың 29%-ы көрсеткен. Осылайша, жаңа жобаларды іске қосу жоспарлары сұраныс пен қаржыландыру жағдайына қатысты сақтық бағалауларымен қатар жүреді.
Жалға алушылар болашаққа қатысты болжамдарын өздеріне тән шектеулерді ескере отырып жасайды. Сауалнамаға қатысқандардың 50%-ы жалдау мөлшерлемелерінің деңгейін, сондай-ақ, өздеріне қолайлы орналасу орны мен инфрақұрылымның болмауын (энергетикалық қуат, инженерлік желілер) негізгі кедергілер ретінде атаған. Девелоперлердің жауаптарымен бірге қарастырғанда бұл нәтижелер жаңа қойма алаңдарының көлемі жылжымайтын мүлікті пайдаланушылардың экономикалық талаптарына сәйкес болуының маңыздылығын көрсетеді.
«Орталық Азия қойма нарығының тынысы» өңірлік зерттеу ретінде алдағы уақытта дами түседі. Тоқсан сайын жарияланатын есептер нарыққа қатысушылардың бағалауы мен болжамдарын салыстыруға, компаниялардың жоспарларындағы өзгерістерді бақылауға және сауалнама нәтижелерін нарықтың нақты көрсеткіштерімен салыстыруға мүмкіндік береді.
Mezgil.kz