Сонымен, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет және Құрылтай төрағаларын жиып, кеңес өткізді. Талқыланған басты мәселе – Мәслихаттардың өкілеттігі.

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Президент барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін талқыға салды.
Конституцияның 9-шы бөлімі «Жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару» деп аталады. Сол бөлімнің 88 бабының 5-ші тармағында: «Мәслихаттардың өкілеттігін ҚР Президенті Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен консультация (кеңес) жүргізгеннен кейін мерзімінен бұрын тоқтатады», - деп анық жазылған.
Президент бүгін сол бапқа, сол тармаққа сүйенді. Олжас Бектенов те, Айбек Дәдебай да бірауызды болды. Сөйтіп, Президент Конституцияның негізгі ережелеріне толық сәйкес және айтылған пікірлерді ескере отырып, түпкілікті шешім қабылдайтынын айтты.
Жалпы Мәслихаттардың өкілеттігін тоқтатуға негіз көп. Солардың ең бастысы – депутаттық корпустағы елеулі өзгерістер (бір палаталы жүйеге көшу және Халық Кеңесінің құрылуы) және партиялардың ребрендингі (Аманат партиясының Әділет партиясына қосылуы).
Президент Мәслихаттар сайлауын өткізу керектігі туралы қыркүйек айында айтқан еді: «Қазіргі кезеңде біз жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауын өткізуіміз қажет. Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады. Дегенмен олардың көпшілігі «Amanat» партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды», - деген болатын.
Шын мәнінде, мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай жаңартылып отыруы қалыпты құбылыс. Мәслихаттар – күшке ие. Олар аймақтағы жұртшылықтың мүддесін қорғаушылар. Жергілікті бюджеттерді бекітетін де – мәслихаттар. Бір сөзбен айтқанда, аймақтардың тыныс-тіршілігіне, қалаларды, ауыл-аудандарды дамыту ісіне тікелей жауаптылар. Сондықтан да, бізге бұл өкілетті органның заңға сай жұмыс істеуі, кәсіби болуы және жұмыскер болуы маңызды.
Mezgil.kz