Тоқаев Каспий теңізін бақылауға арналған бірыңғай цифрлық платформа құруды ұсынды

Қазақстан Президенті Каспий маңы мемлекеттерін теңіздің тартылуына қарсы күресу, биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық қатерлерді болжау үшін ғылыми зерттеулер мен заманауи технологияларды біріктіруге шақырды.

1791628612688891.png

(Сурет:https://qaz.ulysmedia.kz)


– Солтүстік Арал теңізінің аумағын 36 пайызға ұлғайтуға қол жеткіздік. Соның нәтижесінде су сапасы жақсарып, балық қоры қалпына келді, жағалаудағы аумақтардың экономикалық өмірі біртіндеп жандана бастады. Экологиялық саясатымыздың маңызды бағыттарының бірі – биоалуантүрлілікті сақтау. Жүйелі шаралардың нәтижесінде киіктердің саны қалпына келтірілді. Қар барысының популяциясы сақталып, сирек кездесетін жануарлар табиғи ортаға қайта жіберіліп жатыр. Бұл оң тәжірибені Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтау үшін де қолдануға болады деп санаймыз. Біз Тұран жолбарысын қайта қалпына келтіруге арналған арнайы бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Осы орайда бірегей жануар – Амур жолбарысының бірнеше дарасын жібергені үшін Ресей Федерациясының Үкіметіне және жеке өзіне, Ресей Президенті Владимир Владимирович Путинге алғысымды білдіргім келеді. Қазір олар біздің табиғи жағдайымызға сәтті бейімделіп жатыр, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Каспий теңізінің экожүйесін тиімді басқару үшін заманауи технологияларды қолданудың маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы су ресурстарының жай-күйі, жағалау сызығының өзгеруі, биоалуантүрлілік, ластану, өзен ағыны және басқа да негізгі көрсеткіштер туралы деректерді өңдеп, талдауға арналған ортақ цифрлық платформа құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

– Спутниктік технологиялар, жасанды интеллект және заманауи болжау жүйелері нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге, экологиялық қатерлерді дер кезінде анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Мұндай платформа ғалымдарымыздың, тиісті мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың жұмысына ортақ цифрлық негіз бола алар еді, – деп санайды Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар