Қазақстанда этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған құқықтық әрі қоғамдық тетіктер қалыптасқан. Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Варшавада өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясының төртінші сессиясында айтты.

(Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен алынды)
Қазақстан 120-дан астам этнос өкілдерінің ортақ үйіне айналған көпэтносты және көпконфессиялы мемлекет. Елімізде азаматтық бірлікті нығайтуға бағытталған 957 этномәдени бірлестік пен үш мыңнан астам қоғамдық құрылым белсенді жұмыс істейді.
Ластаевтың айтуынша, Конституция мен ұлттық заңнама азаматтарды шығу тегі, нәсілі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы, наным-сенімі және өзге де белгілері бойынша кемсітушіліктен қорғайды.
«Қазақстанда барлық азаматтың заң алдындағы теңдігіне кепілдік берілген. Әлеуметтік, ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыруға, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар арқылы таратуға заң бойынша жауапкершілік көзделген», – деді Омбудсмен.
Оның сөзінше, қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде Қазақстан Халық Кеңесінің де орны ерекше. Бұл – халықтың мүддесін білдіретін және жалпыұлттық бірлікті үйлестіретін жоғары конституциялық консультативтік орган. Оның құрамына 126 адам кіреді, оның ішінде этномәдени бірлестіктерден 42 өкіл бар.
Өңірлердегі қоғамдық кеңестерде де этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне орын берілген. Олардың кемінде төрттен бірін этномәдени бірлестіктер өкілдері құрауы тиіс. Бұл этностық қауымдастықтардың мүддесін қоғамдық талқылаулар мен шешімдер қабылдау үдерісінде тұрақты ескеруге мүмкіндік береді.
Этносаралық қатынастарға жүргізілген зерттеулер де қоғамдағы ахуалдың тұрақтылығын көрсетеді. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы деректеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 93%-ы этностар арасындағы қарым-қатынасты тыныш әрі қолайлы деп бағалаған. Респонденттердің 73%-ы этникалық белгі бойынша құқықтарының бұзылуына тап болмағанын айтса, 87%-ы этносаралық қатынастарды нығайту шараларына оң баға берген.
Баяндамада діни саладағы ахуалға да назар аударылды. Қазақстан – зайырлы мемлекет, сондықтан барлық діни бірлестік заң алдында бірдей талаптарға бағынады. Қазір елде 18 конфессияны қамтитын 4 мыңнан астам діни бірлестік тіркелген.
2025 жылдан бастап діни саладағы реттеу тетіктері де бірқатар бағыт бойынша жеңілдетілді. Атап айтқанда, жекелеген құқық бұзушылықтар үшін санкциялық жүктеме азайып, діни әдебиеттер мен басқа да діни материалдарды таратуға қатысты әкімшілік рәсімдер жеңілдетілді.
Сонымен қатар діни әдебиеттер мен заттарды тарату орындарын белгілеу тәртібі өзгерді. Бұған дейін мұндай орындарды әкімдіктер бекітсе, қазір келісу тәртібі қолданылады. Өңірлік діни бірлестік құру рәсімі де жеңілдетілді: енді оған бір өңірдегі кемінде екі жергілікті діни бірлестіктің бастамасы және жалпы саны кемінде 500 азаматтың қолдауы жеткілікті.
Артур Ластаевтың айтуынша, бұл тетіктердің барлығы қоғамдағы әртүрлі этностар мен діни қауымдастықтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ ортақ азаматтық кеңістіктегі өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған.
Mezgil.kz