23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді, оған жеті тіркелген саяси партия қатысады. Сайлау қарсаңында партиялар арасындағы саяси бәсекелестік те күшейді. Ал сайлауды байқаушы «Халық үні» тәуелсіз байқаушылар тобы еліміздің бірқатар өңірінде байқаушыларды даярлап, өңірлік штабтар құруды жалғастыруда.

(Сурет: Шара ұйымдастырушыларынан алынды.)
«Халық үні» тәуелсіз байқаушылар тобының өкілдері – Нұрболат Нышанбай, Дос Көшім, Нұргелді Әбдіғани Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Талдықорған қалаларына сапарлап барып, тәуелсіз байқаушылармен кездесті.
Сапар барысында болашақ байқаушыларға арналған оқыту семинары ұйымдастырылып, сайлау процесіндегі құқықтық нормалар мен байқаушының құқықтары мен міндеттері жан-жақты түсіндірілді.
Оқыту барысында тәжірибелі мамандар байқаушылардың сайлау күні заң талаптарын сақтай отырып жұмыс істеуінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Семинарда нақты тәжірибелік жағдайлар талданып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.
«Біздің миссиямыз қандай да бір саяси партияны немесе кандидатты қолдау емес. Біздің міндетіміз – әрбір дауыстың заңға сәйкес саналуына, сайлаудың ашық та әділ өтуіне және сайлау процесіне қатысушылардың барлығы тең жағдайда болуына ықпал ету», - дейді топ мүшелері.
Нұрболат Нышанбаев:
«Соңғы үш жылда пікірлес әріптестерімізбен бірге еліміздегі бірқатар маңызды саяси науқандарға белсенді қатысып келеміз. Жалпы, демократиялық институттардың орнығуы үшін тәуелсіз қоғамдық бақылау мәдениетінің қалыптасуы аса маңызды деп есептеймін. Осы бағытта кәсіби маман әрі азамат ретінде өз үлесімізді қосып келеміз. Мақсатымыз, сайлау процесінің демократиялық қағидаттарға, заң талаптарына және халықаралық стандарттарға сай өтуіне қоғамдық бақылау жасап, азаматтық жауапкершілігіміз бен кәсіби тәжірибеміз арқылы еліміздегі демократиялық институттардың нығаюына өз үлесімізді қосу», - дейді.
Mezgil.kz