«Бір тал кессең, он тал ек» дейді қазақ. Бұл – табиғатқа деген жауапкершілікті ұрпақ санасына сіңірген ұлттың даналығы. Климаттың өзгеруі, жаз мезгіліндегі аптап ыстық пен құрғақшылық орман өрттерінің қаупін күшейтіп отыр.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Мемлекет басшысының тапсырмасымен орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, өртті ерте анықтайтын цифрлық технологиялар енгізіліп, авиациялық бақылау күшейтілді. Бұл өзгерістердің нәтижесі 2026 жылғы өрт қауіпті маусымда айқын байқалды.
Бүгінде негізгі назар өртті алғашқы минуттарда анықтап, жедел әрекет етуге аударылған. Заманауи бейнебақылау камералары, жасанды интеллект негізіндегі бақылау жүйелері, спутниктік мониторинг және ұшқышсыз ұшу аппараттары тәулік бойы орман алқаптарын бақылауға мүмкіндік беріп отыр.
2026 жылы елімізде орман өртінің қауіпті кезеңі басталғалы 451 орман өрті, 8 дала өрті және 1328 құрғақ шөптің жану дерегі тіркелді. Алайда Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрттердің басым бөлігі алғашқы кезеңде-ақ оқшауланып, ірі апаттардың алдын алу мүмкін болған. Бұл жедел әрекет ету жүйесінің тиімділігін көрсетеді.
Орман өртімен күрестегі маңызды сынақтардың бірі биыл тағы да «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында өтті. Шілде айында Абай облысындағы Бородулиха филиалының Камышенка орман шаруашылығында өрт тіркелген сәттен бастап мемлекет барлық қажетті күш пен құралды жұмылдырды. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігімен қатар Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері тартылды.
Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Астана қаласынан қосымша күштер жіберіліп, мыңдаған гектар орманды сақтап қалуға мүмкіндік берілді. Мұндай үйлесімді жұмыстың арқасында шілде айындағы ірі өрт қысқа мерзім ішінде оқшауланды. Бұл – соңғы жылдары төтенше жағдайлар саласында жүргізілген реформалардың нақты нәтижесі.
Бүгінде «Семей орманы» резерваты бұрынғыдан мүлде басқа деңгейде қорғалуда. Биыл мұнда жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін орман өртін ерте анықтау жүйесі енгізіліп, бейнекамералар, бақылау мұнаралары мен ұшқышсыз аппараттар біртұтас цифрлық желіге біріктірілді. Бұл жүйе түтіннің алғашқы белгілерін бірнеше шақырым қашықтықтан анықтап, ақпаратты бірден диспетчерлік орталыққа жібереді.
«Табиғат – адамға аманат» деген сөз бекер айтылмаған. Бүгін орманды қорғауға жұмсалған әрбір күш – ертеңгі қауіпсіз әрі жасыл Қазақстанның кепілі.
Mezgil.kz