Алматы қаласы Түрксіб ауданында тұрғындардың күнделікті өміріне жайлы жағдай жасауға бағытталған абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл Сәкен Сейфуллин атындағы сквер мен Жахангер көшесіндегі қоғамдық кеңістік жаңарып, тұрғындардың демалысына арналған заманауи орындарға айналды.

(Суреттер: Алматы қаласы әкімдігінен алынды)
Сейфуллин даңғылы мен Шолохов көшесінің қиылысында орналасқан Сәкен Сейфуллин атындағы сквердің аумағы 1,7 гектарды құрайды. Мұнда көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа жарықтандыру жүйесі орнатылды. Жалпы көлемі 3,2 мың шаршы метр аумаққа гүлдер мен сәндік өсімдіктер отырғызылды. Тагетес, сальвия, целозия, петуния, герань және цинния секілді гүлдермен қатар, спирея, астильба, шалфей, вероника мен нивяник сияқты көпжылдық өсімдіктер де егілді.
Аудан әкімі Дамир Әкежановтың айтуынша, скверді жаңарту жұмыстары шамамен 1,5 ай ішінде жүзеге асқан. Жоба демеушілердің қолдауымен іске асырылып, оған шамамен 50 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Қазір мұнда тұрғындар серуендеп, балалар ойнап, жастар спортпен айналыса алады. Қауіпсіздік үшін бейнебақылау камералары орнатылған. Алдағы уақытта фонтан қою да жоспарланып отыр.
«Бұл жер бұрынғыға қарағанда халық көп жиналып, демалатын орынға айналып келеді. Балалар ойын алаңында ойнайды, тұрғындар кешкі уақытта серуендейді. Жалпы мақсатымыз – аудан тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру», – дейді аудан әкімі.
Ал Жахангер көшесі, 14/20 мекенжайында тұрғындардың ұсыныстары негізінде жаңа қоғамдық кеңістік жасалды. Жобаға шамамен 63 млн теңге қарастырылып, аумақ толықтай абаттандырылған. Мұнда сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылып, брусчатка мен асфальт төселді. Орындықтар, қоқыс жәшіктері, пергола, үстел теннисі және басқа да шағын сәулеттік нысандар қойылды.
Жергілікті тұрғын Сара Мұталханованың айтуынша, жаңа кеңістік көпшілік үшін сүйікті демалыс орнына айналған.
«Кешкі уақытта әжелер осында жиналып, демаламыз. Жастар балаларымен келеді. Қазір өзімізді қаланың ортасындағы саябақта жүргендей сезінеміз. Бұл өзгеріске көшенің барлық тұрғыны риза», – дейді ол.
Аудан әкімі бұл жобаның басты ерекшелігі тұрғындардың пікіріне сүйеніп жүзеге асырылғанын атап өтті. Яғни жаңа демалыс орны нақты қажеттілікке қарай жасалған.
Түрксіб ауданында мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғаспақ. 2026 жылы ауданда 24 балалар алаңын іске асыру жоспарланған, олардың басым бөлігі аяқталуға жақын. Жобалардың барлығы тұрғындардың сұранысы мен ұсыныстарын ескере отырып жүзеге асырылуда.
Қоғамдық кеңістікті абаттандыру – тек аумақты көркейту емес, тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттырудың маңызды бөлігі. Түрксіб ауданындағы жаңа нысандар осының нақты мысалы. Бұрын бос немесе толық пайдаланылмаған аумақтардың тұрғындар бас қосатын, балалар ойнайтын және демалатын жайлы орындарға айналуы ауданның қалалық ортасын жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Mezgil.kz