Қытайдағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің қолдауымен Бейжің қаласындағы Shougang паркінде Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) фестивалінің ресми таныстырылымы және AI-кино мен телевидение саласындағы Қазақстан-Қытай инновациялық алмасу форумы өтті.

(Сурет: el.kz сайтынан алынды.)
Іс-шара екі елдің жетекші технологиялық компанияларының, киностудияларының, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу орталықтарының,инвесторларының, AI-әзірлеушілерінің және киноиндустрия өкілдерін басын қосты.
Форум аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – Astana AI Film Festival қоры мен Beijing Zhongguancun Tongli Technology Service Co., Ltd. компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжат AI-кино, AIGC технологиялары, ғылыми-фантастикалық контент, инвестициялар және халықаралық дистрибуция бағыттарындағы бірлескен жобаларды дамытуды көздейді. Келісімге сәйкес қытайлық компания Қытай Халық Республикасындағы Astana AI Film Festival фестивалінің ресми серіктесі болады.
«Қытай – жаһандық AI-кино экожүйесін дамытудағы негізгі серіктестердің бірі. Мұнда әлемдегі ең қуатты технологиялық компаниялар, талантты авторлар және цифрлық контенттің ең ірі нарығы шоғырланған. Бұл меморандумға қол қою Қазақстан мен Қытай арасындағы креативті индустриялар саласындағы жүйелі ынтымақтастықтың бастамасы болады», - деді Astana AI Film Festival фестивалінің негізін қалаушылардың бірі әрі директорлар кеңесінің төрағасы Алмас Жали.
Таныстырылым барысында ұйымдастырушылар 1–3 қазан аралығында Astana AI Week аясында Астанада өтетін Astana AI Film Festival фестивалінің халықаралық тұжырымдамасын ұсынды.
«Жасанды интеллект кино тілін өзгертіп, шығармашылықты шын мәнінде жаһандық деңгейге шығарып отыр. Бүгінде дарынды автор әлемнің кез келген нүктесінен халықаралық деңгейдегі фильм жасай алады.Сондықтан Astana AI Film Festival – жобаның шыққан еліне емес, идеяның қуатына, оқиғаның сапасына және оның жүзеге асырылу деңгейіне басымдық беретін ашық халықаралық алаң ретінде құрылып отыр. Қытаймен ынтымақтастық екі елдің авторлары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенеміз», - деді Astana AI Film Festival фестивалінің негізін қалаушылардың бірі әрі креативті директоры Айзатулла Хуссейн.
Іс-шара Қазақстан-Қытай AI-кино және телевидение саласындағы инновациялық алмасу форумымен жалғасты. Сараптамалық сессиялар мен панельдік пікірталастар барысында жетекші киностудиялардың, технологиялық компаниялардың және ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері кинематографияда жасанды интеллектті қолдану, AI-контентті дамыту, шығармашылық үдерістердің трансформациясы, халықаралық ынтымақтастық тетіктері және бірлескен жобаларды әлемдік нарыққа шығару мүмкіндіктерін талқылады. Пікірталастарға PixVerse AI, China Film Group жанындағы Жасанды интеллект ғылыми-зерттеу институты, Bauhinia Films (Shenzhen)
Co., Ltd., Чжунгуаньцунь ғылыми-фантастикалық индустрия инновациялық орталығыжәне Қытайдың AIGC саласындағы басқа да жетекші компанияларының басшылары мен өкілдері қатысты.
Форум қорытындысы бойынша тараптар жасанды интеллект, киноиндустрия және цифрлық креативті технологиялар салаларында Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға ниетті екендерін растады.
Еске салайық, Astana AI Film Festival 2026 жылдың күзінде Астанада өтіп, AI-кино саласындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың біріне айналады. Фестиваль аясында жалпы жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын халықаралық байқау, конференция, жобалар питчингі, сондай-ақ жасанды интеллект, кино және цифрлық шығармашылық салаларындағы әлемдік жетекші сарапшылардың кездесулері өтеді.
Mezgil.kz