Алматы облысының ең басты артықшылығы — ол Алматы мегаполисінің айналасындағы «азық-түлік белдеуі» болып табылады. Мегаполисті қамтамасыз етудің басты міндеті де осы облысқа жүктелген. Бұл облыстың үлкен артықшылығы. Себебі ресми екі миллионнан астам халқы бар Алматы қаласын сүт, ет және көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етудің 70-80%-ы осы облыстың үлесінде. Бұл облыс диқандары үшін үлкен нарық деген сөз.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі мен Қытаймен шекарадағы «Қорғас» торабы ауыл шаруашылығы өнімдерін көрші елдерге де тиімді экспорттауға үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Міне, осы артықшылықтарды ту еткен облыс агроөнеркәсіп саласын дамытуда. Алматы облысының экономикалық дамуындағы негізгі бағыттардың бірі осы саламен тығыз байланысты. Қазір облыстағы аудандарда агросаламен байланысты жаңа нысандар бой көтеруде. Кеген ауданында екі жаңа нысан – қой жүнін терең өңдейтін комбинат және сиыр сүтін өңдейтін зауыт құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі ресми хабарлады.
Ол қандай нысандар? Бірі, «MERGEN HOLDING» ЖШС іске асырып жатқан жүн өңдеу комбинаты. Оның аумағы 2 мың шаршы метрді құрайды. Инвестициялық құны 1,2 млрд теңге. Кешен жылына 2 мың тоннадан астам қой жүнін өңдеуге қуаты жетеді. Қазіргі уақытта құрылыс алаңын қоршау және тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Қажетті жабдықтарды орнату үшін мердігерлермен келіссөздер жасалуда. Тазартылып, өңделген қой жүнінен көрпе, текемет және басқа да тұрмыстық бұйымдар өндіріліп, ішкі нарыққа шығарылады. Бір бөлігі шетелге экспортталмақ. Міне, бұл нақты жеңіл өнеркәсіпті дамытудың үлгісі деуге болады.
Ал екінші кешен сүт зауыты. Оның құрылысын «Kegen milk» ЖШС жүргізіп жатыр. Онда тәулігіне 30 тоннаға дейін сиыр сүті өңделіп, май, қаймақ, құрт, ірімшік және басқа да сүт өнімдері дайындалады деп күтілуде. Осылай аталған қос нысан облыстың әлеуетін арттырып, экономикасын көтеріп, шаруалардың дамуына да үлес қосып, жергілікті халыққа да жұмыс орындарын ұсынбақ.
Алдағы уақытта ірі қара терісін өңдейтін комбинаттың да құрылысы қарқын алмақ. Онда былғарыдан аяқ киім, күртеше және басқа да тері бұйымдары өндірілетін болады.
Алматы облысының агроөнеркәсіп саласындағы рөлін келесі үш ұғыммен сипаттауға болады. Ел экономикасына қомақты табыс әкелуші, азық-түлік бағасын тұрақтандырушы және халықты жұмыспен қамтушы және отандық өнімді сыртқы нарыққа (Қытай, Орталық Азия) шығарушы негізгі қақпа. Облыс Қазақстанның «аграрлық сектордың маңызды аймағы» статусын ақтауда.
Mezgil.kz