Алматы қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысында партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған 2023–2025 жылдардағы Жол картасының орындалу барысы қаралды.

(Сурет: amanat.kz)
Соңғы үш жылда қалада әлеуметтік және инфрақұрылымдық жаңа негіз қалыптасты. 34,2 мың оқушыға арналған 20 мектеп және шамамен 2 мың орындық 6 қосымша ғимарат салынды, 7 балабақша ашылды. Заманауи қосымша білім беру орталықтары іске қосылып, оларда апта сайын мыңдаған бала білім алуда.

(Сурет: amanat.kz)
Денсаулық сақтау саласында бір ауысымда 1140 келушіге қызмет көрсететін 5 медициналық нысан пайдалануға берілді, 140 келушігеарналған ерте араласу орталығы ашылды, 1200-ден астам адам заманауи оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. Қала экономикасы да қарқынды дамуда: индустриялық аймақта 42 өндірістік жоба іске қосылып, 9,2 мың тұрақты жұмыс орнықұрылды.

(Сурет: amanat.kz)
Жалпы үш жыл ішінде 199 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 16 мыңнан астам бизнес-жоба мемлекеттік қолдаумен қамтылып, 1100-ден астам грант берілді.
Қалалық инфрақұрылым ауқымды түрде жаңартылуда. 700 шақырымнан астам жол салынып және жөнделді, 330 шақырымнан астам сумен жабдықтау желілері тартылды, ондаған шақырым инженерлік желілер жаңғыртылды. Орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 99,2%-ға жетті.

(Сурет: amanat.kz)
Қалада 1019 аула абаттандырылып, 224 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді, 331 лифт ауыстырылды. 1 200 газбен жүретін автобус пен 212 троллейбус сатып алынып, 30 қала маңындағы маршрут іске қосылды.
Әлеуметтік саясатқа ерекше көңіл бөлінуде. «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 4 554 жас тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 30 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылып, 2 мыңнан астамы жастар тәжірибесіне жіберілді.
Mezgil.kz