TURGYNDAR AMANATY: жауапкершілік, сенім, нәтижеге негізделген форум өтті

Алматы облысының Қонаев қаласында AMANAT партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» тақырыбында ауқымды форум ұйымдастырылды. Іс-шара барысында көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, қауіпсіздік мәселелері, тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату және МИБ пен ПИК қызметінің сапасын арттыру бағыттары кеңінен талқыланды.


_gluster_2026_4_21_5584c4bf59b98770cd7150301bfc4e3c_1280x720.jpeg

 (Суреттер Алматы облысының әкімдігі сайтынан алынды)


Форумға Ержан Жылқыбаев, Марат Сұлтанғазиев, Болат Керімбек, Мейрам Әбікеев, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен коммуналдық сала өкілдері және өңірдегі МИБ пен ПИК басшылары қатысты.

 

Жиын барысында Ержан Жылқыбаев «TURGYNDAR AMANATY» жобасының басты мақсаты – көппәтерлі тұрғын үйлер саласында қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешу екенін атап өтті. Оның айтуынша, жоба аясында МИБ және ПИК төрағаларын оқыту, депутаттармен және әкімдіктермен өзара іс-қимылды күшейту, аулаларды абаттандыру жұмыстарын жандандыру және «Халық қатысатын бюджет» құралын тиімді пайдалану жоспарланған. Бұған дейін бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің жеті өңірінде жүзеге асырылып, нақты нәтижелер көрсеткен. Мәселен, Астана қаласында ашылған фронт-офиске төрт ай ішінде 114 өтініш түсіп, оның 67-сі бойынша нақты кеңестер берілген. Осы тәжірибені Алматы облысында да енгізу ұсынылды.

 

Бүгінде өңірде екі мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде тіркелген. Бұл саладағы өзгерістер әрбір тұрғынның күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етеді. Әсіресе тарифтер, аумақтарды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, лифт жұмысы, интернет сапасы мен қауіпсіздік мәселелері тұрғындар үшін өзекті болып қала бермек. Осыған байланысты жоба шеңберінде тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру негізгі басымдық ретінде айқындалды.

 

Өз сөзінде Марат Сұлтанғазиев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының тек тұрмысқа ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік көңіл-күйге де ықпал ететінін атап өтті. Әкімнің пікірінше, бұл бағыттағы басты міндет – басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, тұрғындардың сенімін нығайту және заманауи басқару мәдениетін қалыптастыру. Соңғы уақытта пайдалануға берілген жүздеген жаңа тұрғын үй кешендері осы салада жаңа тәсілдер мен кәсіби менеджментті талап етеді. Қаржының жұмсалу тәртібі ашық әрі түсінікті болған жағдайда ғана тұрғындардың сенімі арта түседі.

 

Форумда сала өкілдері де өзекті мәселелерді көтерді. Іле ауданы Өтеген батыр ауылындағы «Спорт» ПИК төрағасы Зарина Абибова ескі тұрғын үй қорындағы инженерлік желілердің тозуы, арнайы техниканың жетіспеуі, коммуналдық қарыздардың көбеюі және құқықтық олқылықтар секілді проблемаларға тоқталды. Оның айтуынша, инженерлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту, қызмет көрсетуші ұйымдарға қолдау көрсету, сондай-ақ тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.


10.jpeg

 

Сонымен қатар «Әсем Қапшағай» кооперативінің төрайымы Надежда Алферова жуырда Қонаев қаласында болған қатты желдің салдарын еске салды. Дауыл кезінде ондаған тұрғын үйдің шатыры бүлініп, электр желілеріне зиян келген. Осындай қиын сәтте «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері тазалық және қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, тұрғындарға нақты көмек көрсеткен. Бұл бастама қоғамдағы өзара қолдаудың маңызды үлгісі ретінде атап өтілді.

 

Форум жұмысы мобильді қоғамдық қабылдау алаңында жалғасын тапты. Мұнда 200-ге жуық тұрғын өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жауапты мамандарға жеткізді. Қабылдауға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құқық қорғау органдары, санитариялық қызмет, салық саласы, энергетика компаниялары, сондай-ақ заңгерлер мен адвокаттар қатысты. Тұрғындарға коммуналдық төлемдер, қауіпсіздік, абаттандыру және құқықтық мәселелер бойынша кеңестер беріліп, нақты шешу жолдары ұсынылды.

 

Жалпы, аталған форум тұрғын үй секторындағы түйткілдерді ашық талқылауға мүмкіндік беріп қана қоймай, оларды тиімді шешуге бағытталған нақты қадамдарды айқындады. «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға ықпал етпек.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар