Елорда төрінде өтіп жатқан «RES EXPO – 2026» халықаралық көрмесінде Алматы облысы өзінің инновациялық әлеуетін паш етті. Өңірлік экологиялық саммит аясында ұйымдастырылған бұл шарада жетісулық кәсіпорындар табиғатты қорғау мен қалдықсыз өндіріс саласындағы тың жобаларын ұсынды.

(Суреттер Алматы облысы әкімдігінің сайтынан алынды)
Көрмеге келушілердің назарын ерекше аударған жобалардың бірі – Талғар ауданындағы «QazRez» кәсіпорны. 2025 жылдың соңында іске қосылған бұл зауыт – Қазақстандағы ескі автокөлік дөңгелектерін терең өңдейтін бірегей нысан.
Мұнда тек жеңіл көліктер ғана емес, ірі габаритті техникалардың шиналары да қайта өңдеуден өтеді. Өндірістің басты ерекшелігі – толық циклді және қалдықсыз болуында. Шиналардан алынған резеңке үгінділері спорттық және балалар алаңдарының жабынына айналса, өндірілген гидрооқшаулағыш материалдар мен болат түйіршіктер құрылыс пен инфрақұрылым саласында жоғары сұранысқа ие.
«Біздің мақсатымыз – импортты алмастыру. Қазіргі таңда Қазақстанға Ресей мен Қытайдан келетін конвейерлік таспалар мен жоғары кернеулі кабельдерді өзімізде шығаруды жоспарлап отырмыз», – дейді компания өкілі Владимир Малик.
Қазірдің өзінде зауыт өнімдері Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қытай нарығына экспортталуда. Саммит барысында кәсіпорын шикізат базасын кеңейту мақсатында бірнеше өңірмен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Алматы облысы таныстырған тағы бір стратегиялық жоба – «Food Waste» кәсіпорны. Бұл зауыт тұрмыстық және өндірістік тамақ қалдықтарын терең өңдеумен айналысады.
Бүгінде қоқыс полигондарында шіріген қалдықтардан бөлінетін улы газдар экологияға үлкен қауіп төндіруде. «Food Waste» бұл мәселені тиімді шешудің жолын тапты: олар патенттелген технология арқылы қалдықтарды балық пен жануарларға арналған нәрлі жемге және органикалық тыңайтқыштарға айналдыруда.
Кәсіпорынның бас директоры Бекежан Қайырғалиевтің айтуынша, биыл ірі өндірістік кешеннің құрылысы толық аяқталады. Нәтижесінде кәсіпорын күніне 100 тоннаға дейін қалдықты қайта өңдеуге мүмкіндік алады. Бұл тек облыс емес, тұтас ел көлеміндегі экологиялық қатердің алдын алуға бағытталған маңызды қадам.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі атап өткендей, мұндай жобалар аймақтың «жасыл экономикаға» көшу бағытын айқын көрсетеді. «RES EXPO – 2026» көрмесі 23 сәуір күні өз жұмысын қорытындылайды. Алайда, осы шара аясында қол жеткізілген келісімдер мен таныстырылған технологиялар еліміздің экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға ұзақ мерзімді серпін бермек.
Mezgil.kz