Алматыда өткен «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби жобасының қорытынды салтанаты ұлттық әдебиет үшін маңызды оқиғаға айналды. Жоба қазіргі қазақ прозасын дамытуға, жаңа есімдерді әдебиетке тартуға және қоғамдағы рухани сұранысты арттыруға бағытталған ауқымды бастама ретінде бағаланды.

(Суреттер іс-шара ұйымдастырушылардан алынды)
Байқауға 3000-нан астам өтінім келіп түсіп, олардың ішінен үздік деп танылған 8 автор финалға өтті. Финалистердің жетеуі 3 000 000 теңге көлемінде қаламақы алып, олардың шығармалары 1000 данамен жарық көрді. Салтанатты кеш барысында бұл романдардың тұсаукесері өтіп, оқырманға жол тартты. Әр романның 750 данасы ҚР Ұлттық кітапханасына сыйға беріліп, сол арқылы еліміздің түкпір-түкпіріне таратылады.
Финалистер қатарында Думан Рамазан («Сынақ»), Қуаныш Жиенбай («Аралқұмдағы ақырғы аялдама»), Нұржан Қуантайұлы («Опасыз ойын»), Асқар Алтай («Каскад»), Мұрат Алмасбек («Екі жағалау»), Қуат Бораш («Тәубе»), Айым Ақылтай («Қарыз») сынды есімі елге белгілі қаламгерлер, жас жазушылар бар.

Ал байқаудың бас жүлдесі – 15 000 000 теңге қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Қорғасбекке «Кельндегі көкжал» романы үшін табысталды. Сонымен қатар, бұл шығарма желісімен көркем фильм түсіріліп, үлкен экранға шығуы жоспарланып отыр. Бұл – әдеби туындының жаңа деңгейге көтеріліп, кең аудиторияға жетуіне мүмкіндік береді.
Жоба ERG директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовтың қолдауымен жүзеге асырылды. Өзінің байқау қатысушыларына арнап жолдаған құттықтау хатында ол ұлттық әдебиеттің маңызына ерекше тоқталып, қазіргі заман жазушыларына үлкен үміт артатынын жеткізді: «XXI ғасырдың бел ортасында бүгінгі жас ұрпаққа ұлттық құндылықтар ауадай қажет деп сенемін. Ол құндылықтар тек тамыры терең тарихымызға сүйеніп қана қоймай, инновациялар мен цифрлық технологиялар үстемдік ететін ашық әлемде болашақты сенімді құруға жол көрсетуі тиіс».
Оның айтуынша, жаңа заманның жаңа қаһармандарын қалыптастыру – әдебиеттің басты міндеттерінің бірі. Осы тұрғыда мұндай байқаулар жас қаламгерлерге жол ашып, ұлттық идеяны жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді. Байқауға мыңдаған адамның қатысуы қоғамдағы әдебиетке деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.

Жалпы, «Қазіргі заманғы қазақ романы» байқауы тек жеңімпаздарды анықтап қана қоймай, қазақ прозасының жаңа кезеңге қадам басқанын айқындады. Бұл бастама ұлттық әдебиеттің мазмұнын байытып, жаңа буын қаламгерлердің қалыптасуына жол ашатын маңызды мәдени платформаға айналып отыр.
Салтанатты шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Сондай-ақ, шараға ҚР Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Түрксой Бас хатшысының кеңесшісі Қанат Саматұлы, Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенова, баспагер Темірғали Көпбай, белгілі журналистер Қайнар Олжай, Қанат Әуесбай секілді бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты.
Mezgil.kz