Әлем аумалы-төкпелі, қым-қуыт күйге түсті. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан ережелер бұзылды. БҰҰ мен өзге ұйымдардың жарғылары жарамсыз күйге түскендей. Халықаралық құқық тек қағаз бетінде қалды. Жұмыр жердегі мемлекеттер жаппай қаруланып жатыр. Соғыс артты, қақтығыс көбейді. Милитаристік саясат күшейді. Осы сәтте Қазақстан да қаруын сайлап, қорғанысын мығымдауы тиіс. Солай етуде де. Бұл ішкі әскери реформалармен қатар сыртқы әріптестікті арттыртуды да қажет етеді.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Қазақстан соңғы жылдары халықаралық әскери ынтымақтастықты белсенді дамытып, аймақтық және жаһандық қауіпсіздік жүйесінде маңызды ойыншыға айналып келеді. Қазақстан әскери ынтымақтастықты бірнеше негізгі ұйымдар мен мемлекеттер арқылы жүзеге асырады. ҰҚШҰ, ШЫҰ - терроризмге қарсы іс-қимыл және аймақтық тұрақтылық, ТМД – әскери кадрларды даярлау және тәжірибе алмасу, НАТО бағдарламалары арқылы халықаралық стандарттарға жақындау және басқа дегендей. Қазақстан Орталық Азия елдерімен әріптестікті арттыруда. Әзербайжанның арнайы жасақтарымен тәжірибе алмасуда. Түркия, Қытай, Пәкістанмен ынтымақтастық күшеюде.
Қазақстан тек дайын қару сатып алумен шектелмей, бірлескен өндірісті дамытып жатыр. Бұл әскери ынтымақтастықты күшейту арқылы мүмкін болуда. Түркияның Aselsan компаниясымен байланыс орнатып, оптикалық және электронды жүйелер шығару жолға қойылуда. Еуропалық Eurocopter компаниясының тікұшақ өндірісі кешенді түрде жүйеленген. Францияның Thales әскери байланыс жүйелері де шығарылып жатыр. Қазақстан натолық стандартқа сай снаряд түрлерін де шығаруды ойластырып, келісім жасасуда.
Бұл әрекеттер Қазақстанның технологиялық мүмкіндігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар саналады. Астана Анкарамен келісім жасасып, кеме құрастыру, модернизациялау бойынша бірнеше жобаны іске асыруда. Еліміз Түркиямен бірлесіп, дрон саласында да алға жылжуда. Соққы жасаушы, барлау дрондары құрастырылуда.
Қазақстанның әскери ынтымақтастығы – тек қорғаныс саласы емес, сонымен қатар елдің халықаралық аренадағы беделін күшейтетін стратегиялық құрал. Қазақстан заманауи, технологиялық серіктестікке негізделген армия құру жолында сенімді түрде алға ілгерілеп келеді.
Mezgil.kz