Жаһандық жүйеде бейбітшілік архитектурасын құруда Қазақстанның орны ерекше. Қазіргі қақтығыстар артып, шиеленістер көбейген сәтте, Қазақстанның тәжірибесі халықаралық қауымдастық үшін қажет. Астана өзін бейтарап келіссөз алаңы ретінде әлемге айшықтай білді, ал әлем елдерінің Қазақстанға деген сенімі жоғары.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Біздің еліміз үшін бітімгершілік сыртқы саясаттың бір бағыты ғана емес, бұл мемлекеттік деңгейдегі моральдық ұстаным мен ұлттық қауіпсіздіктің кепілі де. Себебі Қазақстан «қауіпсіз әлем» формуласын ұсына отырып, қауіпсіз аймақ һәм қауіпсіз ел формуласын дамытуға болады деп санайды.
Қазақстанның бітімгершілік жолы Семей полигонын жабудан және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартудан басталды. Бұл тарихи қадам Қазақстанды өзге елдерге үлгі етті. Бұл шешімді сынағандар да болды. Алайда тарих, Қазақстанның дұрыс қадам жасағанын дәлелдеді. Кей сарапшылар Иран, Ирак, Ливия сынды елдер жаппай қырып-жою қаруына қол созып, ақыры үлкен қақтығыстың алаңына айналғанын айтып, кереғар мысал ретінде ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстанды көрсетуде. Астана ядролық қарусыз әлем әлдеқайда қауіпсіз, әлдеқайда бақытты және тыныш деп санайды.
Қазақстанның бітімгершілік бастамаларының ең жарқын үлгісінің бірі «Астана процесі» болды. Бұл Сириядағы соғысты реттеп, шиеленіс градусын түсіру үшін жасалған әрекет еді. Қазақстан Сирия сойқанындағы тараптарға келіссөз алаңын ұсынды. Нәтижесінде Сириядағы соғыс сәтінде шиеленісті азайта білді. Жауласушы тараптар арасында уақытша ұрыс қимылдарын тоқтату іске асты. Гуманитарлық дәліздер ашылды. Балалар мен аналарға көмек көрсету мүмкіндігі туындады. Қазақстан Сирия соғысына қатысқан азаматтарын «Жусан» операциясы аясында кері елге қайтара білді. Астана процесін жаһандық державалар жоғары бағалады, ал саяси институттар үлгі ретінде қолданды.
Қазақстанның бітімгершілік бастамалары имидждік жоба емес. Бұл — мемлекеттің ішкі тұрақтылығының сыртқы әлемге проекциясы. Бейбітшілік — бұл соғыстың жоқтығы емес, бұл — әділеттілік пен диалогқа негізделген қатынастар жүйесі. Қазақстан осы жүйенің белсенді инженеріне айналды.
Mezgil.kz