"Халық үні" жетекшісі: Референдумға келген халықтың қарасы көп болды!

«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының жетекшісі, саясаттанушы Нұрболат Нышанбай референдумның өтуіне қатысты пікір білдірді. Ол бұл туралы өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазды.


 653710290_1240115924935442_270992639327532203_n.jpg

 (Сурет Нұрболат Нышанбайдың жеке парақшасынан алынды)


Нұрболат Нышанбай былай деп жазды: «Осымен ел талқылаған референдум да аяқталды. Бір ай дайындалдық. Бақылаушыларды оқыттық, үйреттік. Бұл оңай шаруа емес. Қажыр, принципті қажет етеді. Таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін тапжылмай отыру мықтылық. Біздің бақылаушылар отырды. Бақылады.

 

Таңғы 7-де сайлау учаскелері ашылған сәтте, дауыс берушілер келе бастады. Дауыс берушілердің легі кешкі 20:00-ге дейін жалғасты. Бұл жолы халықтың қарасы көп болды. Барлық сайлау учаскелері атынан айтуға хақым жоқ, бірақ біздің бақылаушыларымыз 11 қаланың 1200-ден астам учаскесінде отырды. Міне, сол учаскелердегі көріністер туралы айтып отырмын. Расымен дауыс берушілер саны бұл жолы көп болды.

 

Біздің бақылаушыларымыз соңына дейін отырды. Заңдылық басым болды. 1200-ден астам учаскеге қарап, нәтижеге оң деп баға беруге болады. Осы 1200-ден астам учаскеде «Халық үні» атынан бақылаушылық еткен қыз-жігіттерге алғыс айтамын. Ұстанымдары, принциптері үшін алғыс. Еңбектері жансын. Процесс барысындағы кейбір кемшіліктер, олқылықтар бойынша жұмысты ары қарай жалғастыратын боламыз.

 

Бұндай саяси науқанда елдің саяси санасы, мәдениеті байқалады. Әр процесс сайын көтеріліп келе жатқанын байқаймын. Бұл жақсы үрдіс», - дейді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар