Астанадағы «Nauryz Sale» жәрмеңкесі: азық-түлік 70 пайызға дейін арзанады

Астанада Наурыз мерекесі қарсаңында «Nauryz Sale» атты ауқымды азық-түлік жәрмеңкесі өтіп жатыр. Қала тұрғындары мен қонақтары Қазақстанның түрлі өңірлерінен жеткізілген табиғи әрі сапалы өнімдерді тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік алуда. Жәрмеңке отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға және тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған. Мұнда ет, сүт өнімдері, көкөніс, бал, ұн және басқа да азық-түлік тауарлары ұсынылған.

 1773492629499891.jpeg

(Сурет: шара ұйымдастырушыларынан)

Жәрмеңке атмосферасы: халық көп, сауда қызу 

Таң атқаннан жәрмеңке алаңында адам қарасы көбейді. Қала тұрғындары азық-түлік салынған сөмкелерін ұстап, сөрелерді аралап жүр. Бір жерде жаңа піскен ет өнімдері сатылып жатса, енді бір жерде ауылдан жеткізілген сүт, қаймақ, ірімшік, құрт сияқты тағамдар ұсынылған. Ал көкөніс пен жеміс-жидек толы жәшіктердің жанында сатып алушылар кезекке тұрғанын көруге болады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Nauryz Sale» биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Оған 70-тен астам фермерлік шаруашылық пен жергілікті өндірушілер қатысуда. Сауда сөрелеріне ондаған тонна  ауыл шаруашылығы өнімі шығарылған.

  Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелердің негізгі мақсаты - халыққа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен ұсыну және фермерлерге өнімдерін делдалсыз өткізуге мүмкіндік беру.


1773492726768125.jpeg 

(Сурет: шара ұйымдастырушыларынан)

"Фермерлер өнімдеріне -70% дейін жеңілдік ұсынады"

«Наурыз - жаңару мен берекенің мерекесі. Осы күндері қала тұрғындары дастарқанын молынан жайғысы келеді. Сондықтан біз жәрмеңкеде сапалы әрі табиғи өнімдерді қолжетімді бағамен ұсынуды көздедік. Сонымен қатар бұл - фермерлерге өз өнімін тікелей тұтынушыға сатуға мүмкіндік беретін алаң», - дейді жәрмеңкенің әлеуметтік маңызы туралы Астана қаласы әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев.  Оның айтуынша, жәрмеңке аясында тұрғындар ауыл шаруашылығы өнімдерін нарықтағы бағадан 70 пайызға дейін жеңілдікпен сатып ала алады.

Мұндай шаралар, әсіресе, мереке қарсаңында халықтың азық-түлікке деген сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған. "Сонымен қатар жәрмеңке жергілікті өндірушілерге өз өнімдерін тікелей сатуға мүмкіндік береді. Жалпы қала бойынша мұндай жәрмеңкелер тұрақты өткізіледі. Бірақ, «Nauryz Sale» ауқымы жағынан ірі жәрмеңкелердің бірі болады деп күтілуде. Себебі Наурыз мерекесіне орайластырылғандықтан, халық тарапынан әсіресе, ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныс көп екенін байқадық" дейді ұйымдастырушылар. 

Жәрмеңке өтетін алаңды ұсынған «Керуен Жолы» сауда орталығының өкілдері де бұл бастаманың маңызын атап өтті. Сауда орталығының коммерциялық директоры Айтуған Түзелбаевтың айтуынша, мұндай шаралар фермерлер үшін де, тұрғындар үшін де тиімді. Оның сөзінше, орталықта былтырғы жылдың қараша айынан бастап ай сайын ет жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді.

"Бұл жәрмеңкелерге еліміздің 7-8 өңірінен фермерлер тұрақты түрде қатысады. Нәтижесінде тұрғындар ет өнімдерін тікелей өндірушіден сатып алып, нарықтағы бағамен салыстырғанда келісіне 700–800 теңгеге дейін арзан ала алады. Мұндай жәрмеңкелерге деген сұраныс жоғары. Бүгін міне, өздеріңіз көріп отырғандай, таңертеңнен халық қарасы қалың. Әдетте орталыққа күніне 1000-1500 адам келіп, сауда жасаса, жәрмеңкелерде ол көрсеткіш тіпті 10 мың келушіден асып жығылады. Бұл біздің сауда орнының ашылғанына көп уақыт бола қоймағанына қарамастан болып отырған жағдай" дейді сауда орнының басшылығы.  

 Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар