Қазақстан көпконфессиялы мемлекет саналады. Елімізде түрлі дін және сенім өкілдері тұрады. Ислам, христиан діні, иудаизм, буддизм сияқты түрлі діни бағыттарды ұстанатын адамдар саны жетерлік. Сонымен бірге, әлемдік діндердің қатарына жатпайтын, дәстүрлі емес бағыттар да бар. Қазақстан сан түрлі сенім мен наным, діни ағым арасындағы татулық пен теңдікті сақтауға бағытталған саясат ұстанып келеді.

(Сурет ztgzt.kz сайтынан алынды)
Қазақстанның Конституциясы әр азаматқа ар-ождан және діни сенім бостандығын береді. Мемлекет «зайырлы ел» принципін ұстануда. Ал діни сенім мемлекеттің ісіне, басқару жүйесіне, білім саласына килікпейді. Діни білім арнайы орындарда беріледі. Бұл мемлекеттегі татулықты сақтау моделі саналады.
Елімізде діни татулықты сақтау үшін түрлі шаралар жүзеге асырылады. Диалогтар мен дөңгелек үстелдер, басқосулар мен жиындар, конференциялар ұйымдастырылып келеді. Қазақстанда ұдайы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өткізіліп келеді. Бұл айтулы шара. Әлемнің барлық аймағынан ең ауқымды дінбасылары, діни ғалымдар Қазақстанға жиналып, қордаланған мәселелердің шешімін ұсынады. Діни қақтығыстардың алдын алу ұсыныстарын айтады. Арнайы ұсыныстар нақты шараларға айналу үшін бекітіледі.
Қазақстан діни мерекелерге де басымдық беріп, назардан тыс қалдырған емес. Діни мейрамдарға арнайы демалыс жариялап, діни мерекелерді бейбітшілікке, мейірімділікке және өзара құрметке шақыру форматында қолданады. Түрлі діни мерекелер кезінде қайырымдылық акциялары өткізіліп, мұқтаж адамдарға көмек көрсетіледі. Осылайша қоғамдағы татулық пен өзара сенім күшейе түседі.
Mezgil.kz