The New York басылымы Нил Макфаркуар мен Милана Мазаеваның Ресейдің шалғай өңірлеріндегі соғысқа қатысты шешімдер мен түсініктер тұрғысынан мақала жазды.

Ресейдің көптеген аймағында, губернаторлар соғысқа көп адам аттандырған ауылдарды, қыстақтарды «батыр ауыл», «батыр қыстақ» деген атаумен марапаттауды ұсынуда. Сондай ауылдың бірі Ресейдің Қиыр Шығысында орналасқан Седанка ауылы. Кеңестік кезеңнен кейін бұл аймаққа көңіл бөлінбей қалды.
Өткен жылы Камчатка аймағының губернаторы аталған ауылға келіп, тұрғындармен кездесті. Ол Седанка ауылына «батыр ауыл» атағын беруді ойластырып жатқанын айтты. Бұған дейін мұндай статус Кеңес-Герман соғысындағы ірі қалаларға берілген еді. Алайда аймақ губернаторының ойынша, Седанка ауылы «батыр ауыл» атағына лайық көрінеді.
Ауылда 250 адам бар. Оның 67-сі еркек. Солардың 39-ы 7 мың шақырым жерді жүріп өтіп, Украинаға қарсы басқыншылық соғысқа аттанған. Бұл статистикаға назар аударған аймақ губернаторы, Седанка ауылына «батыр ауыл» атағы сөзсіз берілуі тиіс деп санайды. Алайда ауылға ресми атақ берілген жоқ. Губернатордың ауыл халқына уәде еткен әлеуметтік көмегі де келіп жетпеді. Губернатордың бұйрығы бойынша ауылға бірнеше арба отын жеткізілді. Сонымен болды.
Аймақтағы белсенді Светлана Захарованың сөзінше, соғысқа кеткен ерлердің кемі 19-ы қаза тапқан, із-түссіз жоғалып кеткен. «Бұл соғыстың қаншалықты қанқұйлы екенін көрсетеді» дейді Захарова.
Украинада соғысып жатқан ресейлік сарбаздардың көбі ауылдық аймақтың тұрғындары саналады. Ресей билігі ауылдағы халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігін ескеріп, соғысқа халықты қаржымен қызықтыруда. Кей тұста патриотизм элементтерін де байқауға болады. Мемлекеттік пропаганда Украина әскерін фашистік құрылым ретінде көрсетуде. Ауыл халқының арасында бұл ақпаратқа сенетіндер де бар.
2024 жылы Камчатка аймағының депутаты 30 минуттық «Ортағасырға шегініс» атты деректі фильм шығарды. Ол өз фильмінде Седанка ауылының тұрғындарының тұрмысын көрсетті. Ауылдың тозып, халықтың қиын жағдайда күн кешетіні суреттелді. Камчатка аймағы албырт балығының уылдырық шашатын өлкесі саналады. Седанка ауылындағы тұрғындар көбіне сол уылдырықты жинаумен, балық аулаумен айналысатын. «Олар бірнеше айда 1-1,5 мың доллар қаржы табатын. Көбіне азық-түлікті қарызға алып, күн кешеді», - дейді белсенді Захарова.
Осыған байланысты ауыл еркектері соғысқа қатысқандарға төленетін қаржыға қызыққан. Кейбірі келісімшарт жасасқаны үшін 30 мың доллар алған. Ал кейбіріне ай сайын 5 мың доллар уәде етілген. Алайда қаржы қаншалықты көп болса да, енді соғысқа баруға ниеттілер саны азаюда. Өйткені ұрыс даласынан көбі кері оралған емес.
Белсенді Светлана Захарованың күйеуі де соғысқа аттанған. 2023 жылы Захарованың күйеуі Александр Чеввин өз еркімен соғысқа аттанып, майдан даласына жеткен соң, үш күннен кейін танктің снаряды тиіп, опат болған. Захарова бұл туралы өзінің бес баласына айтқан емес. Оның баласы әкесінің қаза тапқанын «қаза тапқан батырлар» стендінен білген.
Аймақ губернаторы жақында қолына кептер ұстаған сарбаздың мүсінін ауылға жеткізді. Ауылдағы Ленин ескерткішінің орнына аталған мүсін қойылды. Алайда ауыл тұрғындары «батыр ауыл» атағын ресми беруді сұрауда. Олар осылайша соғыста қаза тапқандардың еңбегі еш кетпесе деп ойлайды.
Mezgil.kz