Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздегі Конституциялық реформа бойынша комиссия жұмысына қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік желіге түрлі жалған ақпараттар мен арандатулар жасалып жатқанын айтты.

(Сурет: baq.kz)
«Біз бүгінде еліміздің алдағы даму бағыты айқындалатын тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жаңа Конституция жобасын талқылау – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғаға айналды», - деді министр Балаева.
Ол өз сөзінде кейбір әлеуметттік желі қолданушылары жағдайды теріс мақсатта пайдаланып, еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге барып жатқанын айтты.
«Арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашқан (мысалы, Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және өзге де тұлғалардың атынан ашылған фейк-аккаунттар арқылы тіл, жерді сату секілді мәселелер бойынша арандатушылық ақпарат пен үндеулер жариялануда).
Сондай-ақ, елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған хабарлар таратылып, Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап түсіндіру фактілері де кездесуде.
Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал парақшаларға техникалық шабуылдар жасалып жатқаны туралы да хабарлар түсіп отыр. Қазіргі уақытта уәкілетті орган ретінде біз бұл жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдап жатырмыз», - деді министр.
Аида Балаева сондай-ақ, азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырды.
Mezgil.kz