Оқушылар сарайында өткен салтанатты жиында «Еңбек адамы – 2025» жобасы бойынша түрлі салада абыройлы еңбек етіп, өз кәсібінде жоғары нәтижеге қол жеткізген азаматтар марапатталды. Шараға өңір басшылығы, қоғамдық ұйымдар өкілдері, еңбек ұжымдарының жетекшілері мен белсенді жастар қатысты.
Сурет шара ұйымдастырушыларынан алынды
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты – қарапайым еңбек адамын ұлықтау, қоғам игілігі үшін аянбай тер төгіп жүрген азаматтарды көпшілікке таныту және жас ұрпаққа үлгі ету. Соңғы жылдары елімізде еңбек адамының беделін арттыруға ерекше назар аударылып келеді. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды бағыттың бірі.
Жиында сөз сөйлеген спикерлер Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмыспен қамтуды күшейту жылы» деп жариялауының мән-маңызына тоқталды. Бұл бастама – әр азаматтың еңбек етуіне мүмкіндік жасап, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған қадам екені айтылды. Бүгінде өңірдің жас мамандары да түрлі әлеуметтік жобаларға белсене қатысып, қоғам дамуына өз үлестерін қосуда. Экологиялық сенбіліктер, әлеуметтік нысандарды абаттандыру, кедергісіз орта қалыптастыру – осындай жұмыстардың бір бөлігі ғана.
– Еңбек еткен адамның еңбегі ескерусіз қалмауы тиіс. Біз үшін ең басты құндылық – адал қызмет пен нәтиже, – деді жиын барысында ұйымдастырушылардың бірі.
Салтанатты марапаттау рәсімінде ұстаздар, дәрігерлер, өндіріс қызметкерлері, әлеуметтік сала мамандары және жастар арасынан ең белсенді, ең жауапкершілігі мол азаматтар анықталып, арнайы Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Барлығы 20 еңбеккер «Үздік маман», «Үздік қызметкер», «Жылдың жас маманы» сияқты номинациялар бойынша марапатталды.
Шара соңында қатысушылар еңбек адамын қолдау бағытындағы мұндай жобалардың маңызын атап өтіп, алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді. «Еңбек – елдің тірегі» деген қағидаға сүйене отырып, қоғамда еңбек мәдениетін нығайтуға арналған түрлі іс-шаралар жалғаса бермек.
Mezgil.kz