Жетісу облысында әлеуметтік сала инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүргізіліп келеді. Өңірдің әр ауданында медициналық орталықтар мен амбулаторияларды жаңарту, жаңа білім беру мекемелерін салу, мәдениет пен спорт нысандарын қолданысқа беру — бүгінгі басты басымдыққа айналды. Бұл жұмыстардың барлығы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты және жүйелі шаралар ретінде жүзеге асырылуда.

(Сурет: ertenmedia.kz)
Мысал ретінде Қараша айында Көксу ауданында жаңа медициналық орталық ашылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соңғы үш жылда аудан бойынша 20 әлеуметтік нысан салынып, оның 3-уі жөндеуден өтті. Әкім Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесуінде бұл бағыттағы нақты жоспарларды жариялады.
Білім беру саласында да ілгерілеу айқын көрінеді. Былтыр Балпық би ауылына 600 орындық жаңа мектеп салынатыны хабарланған еді. Қазір жобалау-сметалық құжаттар дайын, мемлекеттік сараптамадан өтті, республикалық бюджетке қаражат бөлу үшін өтінім берілді. Сонымен қатар, Бозтоған ауылындағы Мұсабек атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, келесі жылы ақпан айында пайдалануға беріледі.
Денсаулық сақтау саласында жаңа блокты-модульдік медициналық пункттер мен фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы белсенді жүріп жатыр. Мысалы, Балпық би ауылында блокты-модульдік жедел жәрдем станциясы жыл соңына дейін іске қосылады. Соңғы екі жылда Ақтекше, Тамшыбай, Алғабас, Айнабұлақ, Көксу ауылдары мен аудандық орталық ауруханасына 6 санитарлық автокөлік сатып алынды. Аудандық аурухана қажетті заманауи жабдықтармен жыл соңына дейін қамтамасыз етіледі.
Мәдениет пен спорт салалары да назардан тыс қалған жоқ. Жарлыөзек ауылдық мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Мұсабек ауылында блокты-модульдік клуб орнатылып, Талапты ауылдық мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Спорттық инфрақұрылым да дамып келеді: Тастөбе, Кәлпе, Көпбірлік, Ескелді, Жаңаталап, Алмалы ауылдарында жаңа спорт кешендері бой көтерді, ал Кәлпеде жеке инвестор есебінен үстел теннисі орталығы ашылды.
Қаратал ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту көрсеткіші 28,3%-ға жетті. Соңғы үш жылда 23 жаңа әлеуметтік нысан пайдалануға берілді: 10 — медициналық, 4 — мәдениет, 7 — спорт, 2 — білім беру. Бұл — тұрғындардың сапалы медициналық көмек алуы, білім алу мүмкіндіктерінің артуы, мәдени және спорттық қызметтерге қолжетімділіктің жақсаруы, сондай-ақ экономикалық өсімге тікелей ықпал етеді.
Панфилов ауданында да әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы екі жылда 18 медициналық нысан салынды, 3-еуі жөндеуден өтті. Ауданға келген 17 жас маманға 135 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Бұл жас мамандарды ауылдық жерлерге тартуға және медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беруде. Білім беру саласында Жаркент қаласында 1200 орындық мектеп салынып, Талды ауылында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, мәдениет пен спорт саласында да белсенділік байқалады. Тұрпан ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді, ал Үшарал мен Көктал ауылдарында жаңа спорт кешендері іске қосылды.
Жалпы, Жетісу облысында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту — медициналық көмек, білім алу, мәдени және спорттық қызметтерге қолжетімділікті арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеруде. Бұл ілгерілеу аймақ тұрғындарының сенімін нығайтып, өңірдің тұрақты экономикалық дамуына да нақты үлес қосады.
Mezgil.kz