Айбек Айтбекұлы Еселбаев Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданының тумасы. Айбек мырзаның алғашқы мамандығы – жиһаз әрлеу мен өңдеу. Бұл кәсіп – төзімділік пен ұқыптылықты талап ететін, әрбір бөлшегінде адамның көз майы мен қол шеберлігін қажет ететін сала. Жастайынан еңбекқор болып өскен ол өмір жолын адал маңдай термен қалыптастырды. Әуелде жиһаз өндірісінде шыңдалып, тәжірибе жинақтағанымен, уақыт өте келе үлкен өндірістік саланың тынысын сезінгісі келді.

(Сурет:Ұйымдастырушлардан алынды )
Осылайша Айбек өзінің жаңа бағытын көлік құрастыру өнеркәсібімен байланыстырды. Бүгінде ол – Қазақстандағы ең ірі өндіріс орындарының бірі ASTANA MOTORS | HYUNDAI Trans Kazakhstan зауытында дәнекерлеу цехының бригадирі. Осы қызметте Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының қолдауымен, ол жыл сайын шамамен 1 500–2 000 көліктің дәнекерлеуін бақылап, 10–15 жұмысшыны тікелей үйлестіріп, өндірістің тоқтаусыз әрі тиімді жүруіне үлес қосады.
Айбек мырза бұл зауытта 3 жылдан аса уақыт бойы еңбек етіп келеді. Осы аралықта ол тек қана өз ісінің шебері емес, ұжымына қамқор жетекші бола білді. Бригадир ретінде әріптестерінің жұмысын үйлестіріп, сапаны қадағалап, өндірістің тоқтаусыз әрі тиімді жүруіне атсалысады. Оның тәлімгерлігі арқасында осы уақытта 50–60 жаңа қызметкер кәсіби шеберлікті меңгерді.
Айбек үшін әрбір күнгі еңбек – ерекше сәт. «Ерекше оқиғалар өте көп, бірақ ең бастысы – күнделікті жасап жатқан еңбегіміздің өзі біз үшін мақтаныш. Біз шетелдік зауыттардан кем түспейтін көліктерді өз елімізде құрастырып жатырмыз. Бұл – Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқандығының нақты дәлелі» дейді ол.
Осы сөздің астарында үлкен мән бар. Себебі отандық көлік өндірісі – ел экономикасына тың серпін беріп қана қоймай, халықтың да сенімін нығайтты. Қазақстандықтардың өз қолымен құрастырылған көлікті мініп жүруі – тәуелсіздіктің, өнеркәсіптік өркендеудің жемісі.
Айбек Еселбаев – болашаққа нық сеніммен қарайтын азамат. «Жалпы еліміздің көлік құрастыру саласы қарқынды дамып келеді. Алдағы уақытта да бұл салада үлкен жетістіктерге жететінімізге сенемін» деп ойын түйіндеген ол өзінің осы салаға деген адалдығын паш етеді.
Бұл сенім – жай ғана сөз емес. Ол күнделікті еңбектің, әрбір құрастырылған көліктің артында тұрған 300–400 қазақстандық жұмысшының маңдай теріне негізделген сенім. Айбектің өзі сияқты еңбекқор азаматтардың тынымсыз ісі – ертеңгі Қазақстанның индустриялық келбетін қалыптастырып отыр.
Айбек мырзаның еңбек жолы – жас буынға үлгі. Ол қарапайым мамандықтан бастап, бүгінгі күні үлкен жауапкершілік жүктелген бригадирлік қызметке жетті. Оның табандылығы мен еңбекқорлығы – әріптестеріне де, кейінгі жастарға да өнеге.
Жас ұрпаққа айтар бір ақылы бар: «Адал еңбек етсең – арманың орындалады. Әрбір жұмыстың өз қадірі бар. Өз ісіңді сүйіп істесең, ол сені биікке жетелейді» дейді ол.
Қазіргі таңда көлік өндірісі – Қазақстан экономикасының дамуының нақты көрінісі. Бұл сала тек темір мен механизмді құрастыру ғана емес, ол – елдің өркендеуіне үлес қосатын үлкен міндет. Айбек Еселбаев сынды азаматтар – осы міндеттің алдыңғы шебінде жүрген қайсар жандар.
Әрбір отандық көліктің артында олардың маңдай тері мен 1 500–2 000 тігістен тұратын қажырлы еңбегі жатыр. Сол үшін де Айбек мырза сияқты еңбекқор азаматтар – елдің мақтанышы, болашақтың тірегі.
Mezgil.kz