Еңбек адамы 2025 – Мылтықбаева Алма Нұрланбекқызы

Алма Нұрланбекқызы еңбек жолын 1986 жылы Алматы облысы Балқаш ауданы Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепте қарапайым «пионер-вожатый» қызметінен бастады. Жасөспірімдермен тіл табысып, олардың ішкі жан-дүниесін түсіне білуге, мейіріммен қарауға дағдыланған алғашқы қадамдары оның болашақтағы ұстаздық тағдырын айқындап бергендей еді.

1763302416168379.jpg

(Сурет:Ұйымдастырушылардан алынды )


Көп ұзамай ол бала күнгі арманын жүзеге асырып, 1987 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түсіп, география және биология пәндерін таңдады. Институт қабырғасында жүріп-ақ 2-курстан бастап мамандығы бойынша еңбек етуі – оның табандылығы мен ұстаздыққа деген сүйіспеншілігінің айқын дәлелі. Бұл жылдарда жас маман білімін тәжірибемен ұштастырып, ұстаздық өнердің қыр-сырына қанықты.

1988–1993 жылдары Алматы облысы Іле ауданындағы №5 мектепте география пәнінің мұғалімі болды. Бұл кезеңде ол өзінің алғашқы шәкірттерін түлетіп, педагог ретінде қалыптасты. Кейін 1993–2000 жылдары №39 орта мектепте география және биология пәндерінен сабақ беріп, көптеген түлектің өмірлік бағыт алуына ықпал етті.

2004 жылдан бері ол №2 арнаулы мектеп-интернатында үздіксіз қызмет етіп келеді. Бүгінде оның еңбек өтілі – 33 жылдан астам. Осы уақыт ішінде ол 2000-нан астам шәкірт тәрбиелеп, олардың 150-ден астамы республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болды. Бұл – бір ғана көрсеткіш емес, оның мыңдаған шәкіртінің жүрегінде қалған ізі, ұрпаққа сіңірген өлшеусіз еңбегінің көрінісі.

Алма Нұрланбекқызы ұстаздық жолдың қиындығын ешқашан міндет санамады. Керісінше, заман ағымына бейімделіп, жаңашыл әдістемелерді меңгеріп, оқушының ой-өрісін кеңейтуге ерекше көңіл бөлді. Әрбір шәкіртіне білім берумен қатар, адамгершілік пен мейірімділікті, жауапкершілік пен отансүйгіштікті дарытуға ұмтылды.

Ұстаздың шәкірт алдындағы беделі – ата-анамен байланысынан да байқалады. Алма Нұрланбекқызы үнемі ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста болып, бала тәрбиесінде бірлік пен өзара түсіністікті алдыңғы қатарға қоя білді. Сондықтан да ол – ұжымда құрметке, ата-аналар мен оқушылар арасында сенімге ие болған ұстаз.

«Өз мамандығымды сыйлаймын және жақсы көремін» деген қарапайым сөзі – оның өмірлік ұстанымы. Бұл сөздің астарында бір адамның ғана тағдыры емес, бірнеше ұрпақтың болашағына деген шынайы қамқорлық жатыр.

Алма Нұрланбекқызы – нағыз еңбек адамы. Ұстаздық қызметін сүйіспеншілікпен атқаруының арқасында ол шәкірт жүрегінде мәңгілік орын алды. Оның тәжірибесі, табандылығы мен адалдығы жас педагогтарға үлгі, ұрпаққа өнеге болып қала береді.


Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар