Жер – елдің байлығы, ауыл мен экономиканың тірегі. Сондықтан оны тиімді әрі мақсатты пайдалану Қазақстанның басты міндеттерінің бірі саналады. Соңғы жылдары мемлекет игерілмеген немесе мақсатсыз пайдаланылған жерлерді анықтап, оларды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

(Сурет latifundist.com сайтынан алынды)
Игерілмеген жерлерді қайтару ҚР Жер кодексіне және жер қатынастарын реттейтін заңнамалық актілерге сүйене отырып жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерді тиімді пайдалану керектігін айтып, игерілмеген жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берді. Игерілмеген жер кәсіп жүргізіп, шаруашылық дамыта алатын азаматтарға берілуі қажет.
Жер учаскесі ұзақ уақыт бойы игерілмей бос жатқанда, жер мақсатты пайдаланылмаған немесе заң талаптары бұзылғанда, иеленуші өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Кей азаматтар ала-дала жерді алып, оны пайдаланбай, бос жататын сәттер кездеседі. Мұндай жағдайда уәкілетті органдар тексеру жүргізіп, ескерту жібереді. Егер жер иесі белгіленген мерзім ішінде кемшілікті жоймаса, учаске сот немесе әкімшілік шешімімен мемлекетке қайтарылатын болады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша 2 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығына арналған жер мемлекетке қайтарылған. Бұл көрсеткіштер жер қорын тиімді пайдалану мен ауыл экономикасын жандандыруға нақты үлес қосып отыр десек те болады.
2025 жылдан бастап жер мониторингі толықтай цифрлық форматқа көшірілуде. Бұл жүйе спутниктік деректер мен геоақпараттық технология арқылы нақты игерілмеген учаскелерді автоматты түрде анықтай алады. Сонымен қатар, жерді пайдалануға байланысты барлық дерек ашық базаға енгізіліп, қоғам мен азаматтардың бақылауы күшейтілмек. Бұл жерді қолдану бойынша өте дұрыс әрекет.
Игерілмеген жерді қайтару – бұл экономикалық қажеттілік қана емес, ұлт мүддесіне бағытталған стратегиялық шешім. Әр гектар жер – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен ауылдағы тұрмыс сапасының кепілі екенін түсінуіміз керек.
Mezgil.kz