Өрт - тілсіз жау. Елімізде жыл сайын орта есеппен 10 мыңға жуық өрт фактісі тіркеледі. Оның ішінде 60 пайыздан астамы жеке секторда болады. Өрт қауіпсіздігі туралы көп адам тиісті ақпаратты білмейді. «Ақпараттандыру ұдайы жүргізіледі, алайда азаматтар тиісті деңгейде мән бермейді» дейді мамандар.

(Сурет shyndyq.kz сайтынан алынды)
Өрт жағдайында не істеу керек? Өрт қауіпсіздігі туралы балабақшаларда арнайы түсіндіру жұмыстары өтуде. Қойылым түрінде өрттің қауіпті екені, өрт жағдайында не істеу керектігі айтылады.
Төтенше жағдайлар қызметі келесі кеңестерді береді. Өртті байқасаңыз, бірден 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу қажет. Мекен-жайды нақты айтып, не жанып жатқанын қысқаша түсіндіру керек. Өзге адамдарды бірден ескертіп, балалар мен қарттарды қауіпсіз орынға әкету қажет. Ал өрт жағдайында ғимарат бірден түтінге оранса, онда еңбектеп немесе иіліп қозғалу керек. Түтін бірінші кезекте ғимараттың жоғары жағына жиналады. Лифтті қолданбай, жедел сатымен түсу керек. Ыңғайы келсе, дымқыл матамен ауызды жабу маңызды.
Егер өрт ошағында қалып қойсаңыз, онда қылтимаға шығып, дауыстап көмек шақырыңыз. Есікті дымқыл матамен тығындап, түтіннің енуін тоқтатыңыз. Терезеден секірмеңіз, құтқарушылардың келгенін күтіңіз. Ал егер өрт көлемі аз болса, онда құммен немесе сумен сөндіре аласыз.
Өрт қауіпсіздігі туралы жақындарыңыз бен балаларыңызды ұдайы ақпараттандырып, қауіпсіздік жайлы ескертіп отырыңыз.
Mezgil.kz