Есірткі естіні есінен айырып, саналыны жынды ететін қасірет. БҰҰ-ның мәліметі бойынша әлемде 340 млн адам есірткі шырмауына түскен. Бұл осыдан 10 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда, 23 пайызға көп деген сөз. Соңғы 10 жылда кокаин өндірісі үш есеге артса, химиялқ жолмен жасалатын есірткі таблеткаларының саны 7 есеге көбейген. Синтетикалық есірткіні қолданатын жастардың саны кей аймақта 9 есеге көбейіп отыр. Бұл аса қауіпті көрсеткіштер саналады.

(Сурет qazdauiri.kz сайтынан алынды)
Қазақстанда наркологиялық есепте 18 мың адам тұр. Алайда елімізде түрлі есірткі заттарын, еліктіруші заттарды қолданатындар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Кей деректер бойынша олардың саны 200 мыңға дейін жетуі мүмкін дейді мамандар. Бұл ел халқының 1 пайызы деген сөз. Өте қорқынышты статистика.
Қазақстан бұл қасіретпен күресті күшейтуде. Ұдайы ақпараттандыру іске асуда. Себебі ақпарат, идеология аса маңызды. Өскелең ұрпақ есірткінің қаупі жайлы, оның зияны мен қасіреті туралы біліп, ұғынып өсуі қажет. Балабақша, мектеп пен ЖОО-да есірткіге қарсы іс-шаралар сол мақсатта ұйымдастырылады. Арнайы бейнероликтер түсіріліп, үнпарақтар таратылып, баннерлер ілінеді.
Тәртіп сақшылары есірткі сатушыларды, жарнамалаушыларды тауып, заң аясында жазаға тартуды күшейтуде. Елімізде есірткі дайындаушылар мен сатушыларға қатысты заң қатаңдатылды. Енді олар ұзақ жылға бас бостандығынан айырылады.
Арнайы операциялар барысында есірткі жасау зертханалары анықталып, жойылуда. Есірткі өнімдері отқа тасталуда. Көшелерде есірткіні жарнамалайтын сайттардың атаулары өшірілуде, ал есірткі сататын парақшалар бұғатталуда. Түнгі клубтарда ұдайы рейдтер өтіп жатыр. Бұл әрекеттің барлығы Қазақстанды есірткіден таза елге айналдыру мақсатында жасалуда.
Mezgil.kz