Терроризм мен экстремизм әр елдің тұрақтылығы мен тыныштығына қатер төндіреді. Қазақстан бұл қауіпті құбылыстарды жою үшін тынымсыз әрекет жасауда. Еліміз терроризм мен экстремизмнен зардап шекті. Мемлекетімізде жат ағымды жалау еткендер атыс-шабыс жасап, бейбіт тұрғындарға оқ жаудырған сәттер де болды. Ал деструктивті идеологияны ту еткен кей қандасымыз, тура жолдан тайып, адасқан күйі шетел асып, Сириядағы соғысқа, Ауғандағы қырғынға, Ирактағы қақтығыстарға да қатысты. Бұл еліміз бен қоғам үшін басты сабақ алар жайт болды.

(Сурет sm1.kz сайтынан алынды)
Мемлекетіміз терроризммен күресті күшейтуде. Ол тек қана күштік құрылымдар арқылы іске аспайды. Сонымен бірге ақпараттандыру, қоғамда жат ағымға қарсы тұру идеологиясын түзу, жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру және басқа да қадамдарды қамтиды.
Елімізде терроризмге қарсы арнайы жаттығулар ұдайы өтеді. 17-қазаннан бастап Алматыда «Дабыл-Антитеррор-2025» атты терроризмге қарсы жаттығу өтуде. Жаттығу барысында лаңкестік әрекеттің алдын алу, оған қарсы тұру операциялары пысықталды.
Бұл жаттығулар кез келген жағдайға дайын болуға үйретеді. Мысалы ҰҚК қыркүйек айында елімізде лаңкестік жасамақ болған қылмыскерлерді ұстады. Арнайы видео жарияланды. Шетелдің 5 азаматы елімізде теракт жасамақ болған. Сонымен бірге қыркүйек және қазан айларында 8 азамат терроризмді насихаттағаны үшін қамауға алынған. Оларға қатысты тергеу-тексеру жұмыстары іске асуда.
Терроризм, экстремизм мен лаңкестік ұйымдар, жат ағымдар мен қауіпті сенімдер бір сәтке қалғыған емес. Сәйкесінше олармен күрес те бір сәтке тоқтамауы қажет.
Сарапшылар Орталық Азияға төнген террорлық қауіптің сейілмегенін айтуда. Ауғанстан аумағында әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлауда. Тәлібтердің билігіне қарсы наразылық бар. Ауғанстанда тәлібтерге қарсы өзге де лаңкестік ұйымдар әрекет етуде. Мамандар Ауғанстандағы жағдай күрт нашарлайтын болса, онда мыңдаған халық Орталық Азияға ағылуы мүмкін деген болжам жасауда. Бұл босқындармен бірге лаңкестердің де аймаққа өту қаупін арттырады. Міне, осы үшін Орталық Азия елдері терроризмге қарсы бірлесе күрес жүргізуі қажет. Таяу Шығыстағы қақтығыстарға қатысқандардың кейбірі қайта оралуы мүмкін. Бұл болжамның да жаны бар.
Қазақстан билігі ХХІ ғасырдың дертіне айналған терроризмді жою, ауыздықтау үшін барын салуда. Ол үшін халықаралық ұйымдармен әріптесіп, өзге елдермен келісім жасасуда.
Mezgil.kz