Үкімет 2026 жылғы бюджеттің негізгі параметрлерін ұсынды

2026 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері – еліміздің алдағы орта мерзімді кезеңдегі қаржылық бағыты мен экономикалық даму қарқынының айқын көрсеткіші.

1761118954785051.jpg

(Сурет: primeminister.kz)

Болжам бойынша, түсімдер көлемі 23,1 трлн теңге деңгейінде жоспарланған. Оның ішінде трансферттерді қоспағанда, кірістер 19,2 трлн теңге болады. Бұл – биылмен салыстырғанда 3,6 трлн теңгеге артық.

Мұндай өсімнің басты себептері – экономиканың кеңеюі, Жаңа Салық кодексінің қабылдануы және салықтық әрі кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыру.

Бұл өзгерістер мемлекеттік кірістер базасын ұлғайтып, бюджетке түсетін тұрақты қаражат ағынын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде қаржылық тұрақтылықтың артуына, мемлекет міндеттемелерін толық әрі уақытылы орындауға жол ашады.

Сонымен қатар 2026 жылғы шығыстар 27,8 трлн теңге болмақ. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге көп. Мұндай өсім әлеуметтік және экономикалық басым жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Алайда басты назар аударатын жайт – бюджет тапшылығының төмендеуі. 2026 жылы оның көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 2,5% деңгейінде болса, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 0,9%-ға дейін төмендейді деп күтіліп отыр. Бұл – бюджеттік тәртіптің күшеюі мен борыштық жүктеменің қауіпсіз деңгейге төмендеуі үшін маңызды көрсеткіш.

Осы көрсеткіштер мемлекеттік қаржының ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етіп, экономиканы сапалы дамытуға негіз бола алады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар