Қазақстанда сан түрлі этнос өкілдері тұрады. Мемлекет құраушы және титулды ұлт саналатын қазақ ұлтынан бөлек, өзге де ұлт өкілдері бар. Тарихтың түрлі кезеңіне байланысты, Қазақ жеріне сан түрлі ұлттар келіп қоныстанды. Ресей империясының саясаты, Кеңестік билік тұсындағы халықтарды жер аудару шешімі, тың игеру жылдары және басқа кезеңде сан түрлі ұлттар Қазақстанға топтастырылды.

Қазіргі сәтте Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілдері, 18 конфессия бар. Осындай этникалық және мәдени алуандылық жағдайында бейбітшілік пен келісімді сақтау — мемлекеттің ең басты саяси әрі рухани мақсаты саналады. Қазақстан аталған миссияны жүзеге асыру үшін арнайы саяси институттарды қалыптастырды. Солардың бірі Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) деп аталады. Аталған ұйымның басты мақсаты еліміздегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау еді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы, 1 наурызда құрылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі мақсаттары қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтау, этностардың мәдени және тілдік ерекшеліктерін қолдау, ұлттық бірлік пен патриотизмді нығайту, мемлекеттік тіл мен жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы байланысты дамыту. Бұл міндеттерді ҚХА атқарып келеді. Соңғы уақытта ҚХА құрамында мемлекеттік тілді дамыту, ілгерілету бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда.
Ассамблея құрамында жүздеген этномәдени бірлестіктер бар. Олар өз ұлтының тілі мен мәдениетін сақтауға, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға, халықтар арасындағы достықты нығайтуға үлес қосады. Солардың ішінде татар-башқұрт орталығы, «Ахыска» түрік қауымдастығы, «Коре сарайы» орталығы, «Славян мәдени орталығы», «Қазақ халқының достары» клубы және басқаларын айтуға болады. Аталған орталықтарда мемлекеттік тілді дамыту курстары да оқытылады.
Еліміз ұлтаралық достыққа ерекше мән береді. Бұл біздің бағытымыз және аталған саясат жалғасын таба бермек.
Mezgil.kz