ШЫҰ саммитінен стратегиялық әріптестікке: Қазақстанның рөлі мен болашағы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тяньцзинь қаласында өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінде сөз сөйлеп, ұйымды дамытудың басым бағыттарын атап өтті. Мемлекет басшысы қауіпсіздік саласындағы төрт мамандандырылған орталық құруды, ШЫҰ Даму банкін қалыптастыруды ұсынды. Осы орайда Қазақстандағы Шэньси провинциясы Сауда департаментінің өкілі, Shanha Group компаниясының вице-президенті Хань Ваньчу бұл бастамалардың мемлекеттер арасындағы сенімді арттырып, жаңа экономикалық және технологиялық ынтымақтастыққа жол ашатынын атап өтті.

1756818564218679.jpeg

(Сурет: Ақордадан)

ШЫҰ саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сенім мен өркениетаралық диалогтың маңыздылығына тоқталды. Қазақстан біздің елдер арасындағы өзара сенімді нығайтуда қандай рөл атқара алады?

Қазақстан Еуразиядағы сенім мен тұрақтылықтың маңызды діңгегі. Елдің географиялық орны да, ішкі қоғамдық құрылымы да оған табиғи артықшылық береді. Қазақстан – Азия мен Еуропаны жалғайтын стратегиялық көпір ғана емес, сонымен бірге көпэтносты, көпмәдениетті қоғамдастықты үйлестіре білген мемлекет. Бұл тәжірибе Қазақстанды өркениеттер арасындағы диалогта бейтарап әрі сенімді әріптеске айналдырады.

Сонымен қатар Қазақстан халықаралық аренада белсенді дипломатиялық бастамаларымен ерекшеленеді. ШЫҰ, АӨСШК, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты алаңдар Қазақстанның жаһандық сенім мен ынтымақтастықты нығайтудағы шынайы үлесін көрсетеді. Бұған қоса, Қытай мен Қазақстан арасындағы жоғары деңгейдегі өзара сенім – бүкіл өңір үшін үлгі. Шекара мәселелерінің толық шешілуі және жан-жақты стратегиялық серіктестіктің орнығуы Қазақстанды сенім мен тұрақтылықты нығайтуда ерекше рөлге ие етеді.

Президент Тоқаев Қытайдың жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту бастамасын қолдады. Сіздің пікіріңізше, Қытай мен Қазақстан үшін қай бағыттарда әріптестік орнату ең қызықты әрі пайдалы болмақ?

Жасанды интеллект екі ел үшін де болашақты айқындайтын сала. Менің ойымша, Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы бірін-бірі толықтырып, нақты нәтижелер әкеле алады.

Біріншіден, ақылды ауыл шаруашылығы – Қазақстан үшін аса маңызды. Қытайдың ЖИ технологиялары (дрондар, ақылды суару, өнімді бақылау жүйелері) Қазақстанның агросекторының тиімділігін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін күшейте алады.

Екіншіден, логистика мен жеткізу тізбектерін интеллектуалдандыру – «Бір белдеу, бір жолдың» жүрегі саналатын Қазақстан үшін шешуші бағыт. ЖИ негізінде құрлық порттарын, кедендік жүйелерді дамыту Еуразияны жалғайтын дәлізді әлдеқайда тиімді етеді.

Үшіншіден, табиғи ресурстарды игеру саласы. Қазақстан бай кен орындарына ие, ал Қытайдың ЖИ шешімдері барлау мен өндірісті қауіпсіз, экологиялық және тиімді етуге мүмкіндік береді.

Төртіншіден, экология және апаттардың алдын алу. Су ресурстарын басқару, климаттық өзгерістерді болжау сияқты ортақ мәселелерде ЖИ жаңа мүмкіндіктер ашады.

Ақырында, көптілді ЖИ технологиялары қазақ, қытай және басқа тілдер арасындағы кедергілерді жойып, гуманитарлық және ғылыми-техникалық әріптестікті жаңа деңгейге шығарады.

Менің ойымша, бұл әріптестік нақты әлеуметтік-экономикалық пайда әкелетін стратегиялық қадам.

Өз сөзінде Қазақстан Президенті су мәселелерін зерттеу орталығын құруды ұсынды. Сіз қалай ойлайсыз, неліктен экологиялық тақырып Қазақстан мен Қытай үшін барған сайын өзекті болып барады және ол екіжақты қатынастардың болашағына қалай әсер етуі мүмкін?

Экологиялық тақырыптың өзектілігі күннен-күнге артып келеді, себебі ол біздің халықтарымыздың өмір сапасына, денсаулығына және экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Қазақстан мен Қытай трансшекаралық өзендерге тәуелді көршілер болғандықтан, су мәселесі ортақ сын-қатерге айналып отыр. Климаттың өзгеруі, су ресурстарының азаюы, шөлейттену үрдісі екі елдің де болашағына ықпал етеді.

Осы тұрғыда су мәселелерін зерттеу орталығын құру дер кезінде жасалған әрі алдағы онжылдықтарға бағытталған қадам. Бұл бастама тек ғылыми зерттеу үшін емес, екі елдің үйлесімді әрекеті үшін маңызды. Ортақ шешімдер қабылдау экологиялық қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге көтереді. Осындай экологиялық ынтымақтастық болашақта екі елдің қарым-қатынасының басты тіректерінің біріне де айналады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар