Ата заңымыздың 30 жылдығы қарсаңында Ақмола облысында еліміз үшін тың бастамаға жол ашылды. «Отбасы банк» арқылы халықты баспанамен қамтуға бағытталған жаңа пилоттық жоба ең әуелі Қосшы қаласында іске қосылды.

(Сурет:Ұйымдастырушылардан алынды)
Президент тапсырмасына сәйкес, «Отбасы банк» бүгінде тұрғын үй кезегін бір орталықтан жүргізіп, үйлерді бөлу міндетін өз мойнына алды. Яғни банк қазір елдегі тұрғын үй саясатының негізгі операторы саналады. Бұл жүйе алғаш болып Қосшыда сынақтан өтуде.
Облыс әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, пилоттық жоба аясында қаладағы «Отбасы банк» өкілдігіне 371 пәтер берілген. Соның ішінде 261 отбасы жалға берілетін әрі кейін сатып алу құқығы бар баспанаға қол жеткізсе, тағы 110 пәтер несиеге беріледі. Жалпы Қосшыда 560 отбасы жаңа қоныс иесі атанбақ.
– Бұл – Қазақстан бойынша ең алғашқы жоба. Қосшы жаңа жүйенің тірек алаңына айналды. Мұндай тәсіл алдағы уақытта мыңдаған отбасыға жеке баспана алуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.
Банк өкілдері Қосшының таңдалуы бекер емес екенін айтады. Жас әрі қарқынды дамып келе жатқан қала жаңа бастамаларды сынауға қолайлы алаң саналады.
– Бұл – мүлде жаңа механизм. Оның дәл осы жерден басталғанына қуаныштымыз. Жалдамалы үйлер мен несиелік пәтерлер – алғашқы қадам ғана. Жыл соңына дейін барлық міндеттемелер орындалады деп сенеміз. Қосшы өзге өңірлерге үлгі болады, – деді «Отбасы банк» Ақмола облыстық филиалының директоры Алмат Нұрахметов.
Сонымен қатар, жаңа «Ынтымақ» тұрғын үй кешеніндегі 70 пәтер әлеуметтік осал топтарға бөлінген. 3,7 гектар жерге салынған кешенде төрт үй бар: біреуі тоғыз қабатты, үшеуі бес қабатты. Жалпы 549 пәтер қарастырылған, оның 103-і үлескерлер үшін сақталған. Әкімнің айтуынша, мұндай кешенді тәсіл бір мезетте бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік береді: тұрғын үй кезегін қысқарту, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды қолдау және үлескерлердің түйткілін жабу.
Марат Ахметжанов Қосшыдағы даму тек баспанамен шектелмейтінін де атап өтті:
– Газ құбыры тартылып жатыр, сапалы ауызсу жеткізілуде, жолдар жөнделуде. Бүгін жаңа мектептің іргетасы қалануда. Ол әлеуметтік нысан қаланың келбетін өзгертеді. Мұның бәрі Қосшының тұрақты дамуына серпін береді, – деді өңір басшысы.
Айта кетейік, мұндай бастамалар тек Қосшыда ғана емес, тұтас Ақмола облысында қарқынды жүріп жатыр. Соңғы екі жылда 4 800 отбасы баспаналы болса, оның ішінде 1 500-ден астамы әлеуметтік осал топтарға тиесілі. Бұл – өңірде соңғы жеті жылда болмаған көрсеткіш.
Mezgil.kz