Алматы - Түркі әлемінің 2025 жылғы жастар астанасы атанды

Бүгін, 18 тамызда Алматыда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) IV Халықаралық жастар фестивалінің ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шара барысында қалаға «2025 жылғы Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесі берілді.

 1755578593110091.jpg

(Сурет:Ұйымдастырушылардан )

Іс-шараға ТМҰ бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және ТМҰ-ға мүше елдердің белсенді жастары қатысты.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады.

 

“Алматы – азаттығымыздың алтын бесігі, жасампаз жастардың құтты мекені. Өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан көптеген ұлы тұлғаларымыз осы қалада өсіп-өнген. Шын мәнінде, төл мәдениетіміздің темірқазығына айналған шежірелі шаһар қазақ елінің ғана емес, түркі мемлекеттерінің де рухани ордасы саналады” делінген құттықтау хатында.

 

Салтанатты іс-шара аясында бауырластықтың, сенім мен жаңа мүмкіндіктердің нышанына айналған жастар астанасы кілтін 2024 жылғы жастар астанасы - Ленкорань қаласы, Әзербайжан елінің өкілдері Алматы жастарына табыстап, бауырластық эстафетасын жалғады.

 1755578640317164.jpg

(Сурет:Ұйымдастырушылардан)

Айта кетейік, халықаралық фестиваль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр.

 

Фестиваль екі күнге жалғасып, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше – Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан келген делегаттар жастар саясаты, кәсіпкерлік, азаматтық белсенділік және әлеуметтік бастамаларды дамыту тәжірибелерімен бөліседі.

 

Сондай-ақ жас көшбасшылар мен кәсіпкерлердің кездесуі өтеді.


Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар