Бір ауылдың шағын көшесінде қазақтың қазаны, орыстың самовары, ұйғырдың тандыр наны қатар тұрғанын көргенде, мен еліміздің шынайы бейнесін көремін. Біз әртүрлі тілде сөйлейміз, бірақ бір аспан астында өмір сүріп, бір топыраққа тамыр жайдық.

Этномедиация – осы көптүрлілікті сақтап қана қоймай, оны біздің басты байлығымызға айналдыратын өнер. Ол – тек дауды шешу емес, адамдардың арасындағы сенімді қайта ояту, ұмытылған достықты тірілту.
Мен бір жолы екі отбасының арасында болған ренішті шешуге қатыстым. Олар бір көшеде тұрса да, жылдар бойы бір-бірімен амандаспай, қабақ түйіп өткен. Әңгіме барысында олар алғаш рет бір-бірінің ішкі мұңын естіп, үнсіз қалған сәтте көздерінде өкініш пен жылылық қатар көрінді. Сол күннен кейін олар бір-бірінің үйіне қонаққа бара бастады. Міне, бұл – этномедиацияның шынайы жеңісі.
Біз көп этносты елміз. Әр дәстүр, әр тіл – біздің мозаикамыздың бір бөлшегі. Этномедиация осы бөлшектердің сынып кетпеуін, бір-бірімен үйлесімді болып тұруын қадағалайды.
Татулық – табиғат сияқты: оны сақтау үшін күнделікті күтім керек. Медиаторлар – сол күтімді жасайтын бағбандар. Олар дау-жанжалды шешіп қана қоймай, адамдардың жүрегінде мейірім мен түсіністі өсіреді.
Бір-бірімізді тыңдай алсақ – болашағымыз баянды болады.
Бір-бірімізді құрметтей алсақ – бірлігіміз бекем болады.
Өйткені, ел болашағы – келісім мен татулықтың қолында.
«Жетісу» газетінің тілшісі, қоғамдық медиатор,
Жетісу облысының ҚХА жанындағы Этномедиация кеңесінің мүшесі
Mezgil.kz