2011 жылы Сирияда азамат соғысы бұрқ етті. Мемлекет қанға бөгіп, көптеген қалалар қирады. Бұл Таяу Шығыстағы ең үлкен лаңкестік аймақтың пайда болуына әсер етті. Сирия жеріндегі соғысқа жан-жақтан мыңдаған адам аттанды. Жат идеологияның жетегінде кеткендер болды. Оның ішінде Қазақстан азаматтары да бар еді.
(Cурет kazpravda.kz сайтынан алынды)
Әлем Сириядағы соғысты тоқтатудың жолын іздеді. Келіссөз алаңдары ұсынылып жатты. Солардың бірі «Женева форматы» болатын. БҰҰ аясында өткен Женева келіссөздері ұзақ жылдар бойы нәтиже бермей, тараптар бір-біріне сенімсіздік танытты. Бұл келіссөздердің тығырыққа тірелуіне әкелді.
2016 жылдың соңында Түркия, Ресей және Иран Сириядағы атысты тоқтату режимін бақылау және жанжалды саяси жолмен реттеу үшін жаңа формат құруды ұсынды. Келіссөздер алаңына Қазақстан Астана қаласын ұсынып, өзінің бітімгерлік миссиясын атқаруға кірісті. 2017 жылдың қаңтарында Астана қаласында жауласушы тараптар арасындағы алғашқы кездесу өтті. Бұл формат тарихқа «Астана процесі» деген атаумен енді.
Бұл келіссөздерде сириялық үкімет пен оппозициялық қарулы топтар тікелей кездесіп, атысты тоқтату мәселелерін талқылады. Қазақстан Сириядағы соғысқа тікелей қатысы жоқ бейтарап мемлекет болғандықтан, барлық тараптар үшін сенім алаң саналды. Бұл — Астана процесінің ең басты артықшылығы болатын.
Қазақстан «Астана процесі» арқылы халықаралық аренада өзін бейбітшілік сүйгіш және бітімгер мемлекет ретінде көрсете білді. Қазақстан процеске қатысушылардың қауіпсіздігін, келіссөздердің ашықтығы мен ұйымдастырушылық деңгейін жоғары етті.
Астана процесінің нәтижелері бойынша Сириядағы деэскалация аймақтарын құру туралы келісімдерге қол жеткізілді. Ұрысты уақытша тоқтату орын алды. Ал Қазақстан осы процесстердің арқасында Сирияға соғысқа аттанған отандастарымызды кері қайтара бастады. Ол «Жусан» операциясы деп аталды. Бұл да Қазақстанның бітімгерлік әрекетінің бір жетістігі болатын.
Mezgil.kz