Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», дегенді баса айтқан болатын. Біз бүгінде патриотизм ұғымын жеткаілікті деңгейде түсіне алдық па. Болашақ ұрпағымыздың бойына патриоттық сезімді ұялата алдық па? «Тәрбие тал бесіктен басталады» дейді дана халқымыз. Осы ретте шәкірт тәрбиелеп, патриотизм ұғымын насихаттап жүрген Алматы облысы, Іле ауданына қарасты № 43 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Әсел Ерсінқызымен сұхбаттастық.

(Сурет:https://egemen.kz/)
- Әсел Еркінқызы, ең алдымен сіз үшін патриотизм деген не? Осы жөнінде тарқатып айтсаңыз.
- Патриотизм дегенде еліме, жеріме, Отаныма деген сүйіспеншілік сезімі билейді. Әр азамат өз елінің патриоты болу керек. Осы жерде айта кеткім келеді, патриотизмді тек қазақ тілінде сөйлеуді талап етушілермен ұштастыратындар бар. Бұл қате ұғым. Өзге ұлт өкілдерінен қазақ тілінде сөйлесуді сұрасаңыз «патриот»деп ренжиді. Бірде сабақ үстінде бір оқушым «Патриот болу үшін, тек қазақ тілінде сөйлеуіміз керек пе?», деп сұрады. Осы кезде патриот болу үшін өз тіліңде сөйлеу аздық етеді. Еліңнің болашағына, алға жылжуына үлес қосып, шынайы махаббатпен қызмет ету дедім. Осыдан бері патриотизм ұғымына ашық сабақ арнап, оқушылардың сана сезіміне барынша әсер етуді мақсат тұттым.
- Мектеп қабырғасында оқушыларға патриотизм ұғымы қалай түсіндіріледі? Ашық сабақ, дөңгелек үстелден бөлек қандай әдістер қолданылады?
- Патриотизмді насихаттау мектепке аттап кіргеннен сәттен басталады. Оқушыларымыз сабақ басталмас бұрын қолдарын кеудесіне қойып Әнұран айтады. Әр дүйсенбіде сабақ соңында тәрбие сағаты жүргізіледі. Мұғалім болғандықтан, болашақ жастарымыздың патриот болып өсуіне барынша еңбек етеміз. Әрине бұл стандартты білім жүйесіндегі талаптар. Тек ашық сабақпен, Әнұранмен патриот ұрпақты тәрбиелеп жатырмыз деу қате. Патриот адам ең алдымен тәрбиені үйден алады. Ең алдымен ата-анасының тәрбиесі маңызды. Ал мектеп біліммен қатар, бағыт- бағдар береді. Қазір оқушылардан бөлек, олардың ата- аналарымен жұмыс істейміз. Ата-аналар жас, олардың да өзіндік принциптері бар. Педагог ретінде баланың да, ата-ананың да көңілін тауып баланста ұстау міндетіміз. Осы ретте балаларына Отанына деген сүйіспеншілікті, еліне жеріне деген махабатты насихаттап отыруды ата- аналармен бірге талқылаймыз. Түрлі тақырыптық кездесулер өткіземіз. Өйткені ата-анасы күні бойын жұмыста, тіпті оларды дұрыс көрмей өсіп келе жатқан оқушылар бар. Ата-анасымен байланыс жоқ. Олар баланың тамағы мен киімі тоқ, сабағын оқып жүр болды деп ойлайды. Осындай ата-аналарды анықтап, бір күні арнайы келіп баласымен бірге пікірталасқа қатысуын өтінеміз. Сонда кейбіреулері балаларының ерекше қабілетін, талантын көріп қуанып жатады. Міне, сондықтан еңалдымен, болашақта патриот бала өсіргің келсе, тәрбиені үйден бастау керектігін ата-аналарымызға жиі түсіндіреміз.

- Ал сіздің оқушыларыңыз патриотизм ұғымын қалай түсінеді? Осы тақырыпта олармен жиі пікір аламасыздар ма?
- Әрине, біз оқушыларымызбен барлық тақырыпта еркін форматта әңгімелесеміз. Қазіргі ұрпақтың ойы мен пайымы, өзіндік принциптері бар. Биыл менің сыныбым 11 сыныпты аяқтап, үлкен өмірге қадам басты. Олардың әрбірі өз елінің патриоты деп мақтанышпен айта аламын. Әсіресе араларында дәрігер, мұғалім, заңгер, экономика саласы мен IT саласында жетісіткке жеткісі келетіндері басым, Әрбірінің жауабы еліне қызмет ету, еліміздің дамуына титтей де болса үлес қосу. Олар өзінің болашағын елінің болашағымен қатар көреді. Сондықтан саналы әрі патриот ұрпағымыздың өсіп келе жатқаны қуантады. Ал біз ұстаз ретінде өз үлесімізді қосуға әрқашан дайынбыз. Мен оқушыларыма әлемге қазақ елін мойындатқан спортшыларымыз болсын, өнер адамдары мен ғылыми жобалары арқылы көзге түскен жастарымыз болсын, тіпті халықаралық олимпиадаларда Қазақстанның Туын желбіреткен өздері қатарлас оқушылардың жетістіктерін айтып, мысал келтіріп отырамын. Осылар арқылы нағыз париотизмнің не екенін саналарына сіңіруге, жүректеріне кішкентай ұшқын ұялатуға тырысамын. Мақтаныш сезімі арқылы, олардың да болашақта осындай жетістікке жетсе екен деген үмітімді де жасырмаймын
Mezgil.kz