Әлемнен тыныштық кетіп, соғыс саны артуда. Шығыс Еуропадағы соғыстар, Таяу Шығыстағы ұрыстар, Оңтүстік-шығыс Азиядағы шиеленістер, Африкадағы қырғын мен аштық әлемді әбігерге салуда. Миллиондаған босқын, жүздеген елді-мекеннің қирауы гуманитарлық дағдарысты күшейтуде. Қазақстан қақтығыстарды келіссөз арқылы шешуге үндеумен келеді. Тұрақтылық, сенім, өзара құрметке негізделген адамзат болмысының ең жоғары формасын ұстануға шақырады. Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап дәл осы қағидаға сүйеніп, сыртқы саясатын бейбіт бағытта қалыптастырды. Жаһандық сын-қатерлер мен шиеленістер көбейіп жатқан бүгінгі заманда еліміздің ұстанған бейбітсүйгіш бағыты әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып келеді және көпке үлгі болуда.

(Сурет qazinform.com сайтынан алынды)
Қазақстан – ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы ел. 1991 жылы еліміз Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Бұл – Қазақстанның бітімгершілік миссиясының алғашқы әрі ірі қадамы болды. 40 жылдан аса уақыт бойы ядролық жарылыстардан зардап шеккен аймақтың тынысын ашып, бейбіт болашаққа бет бұру – бұл тарихи әділеттіліктің орнауы ғана емес, бүкіл әлемге үлгі болған қадам еді. Осылайша Қазақстан әлемдегі ең қуатты қаруды жасауға, сынауға мүмкіндік беретін сынақ алаңын жауып, атомсыз әлемді қалайтынын іспен көрсетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жөнінде былай деген: «Ядролық сынақ құрбандарының тағдыры біз үшін – ескерілетін өткен шақ қана емес, сабақ болатын болашақ». Қазақстанның осы ұстанымы кейін БҰҰ мінберінде «Ядролық қарудан азат әлем» декларациясының қабылдануына негіз болды. Бүгінде еліміз әлем бойынша ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшыларының бірі. Астана ядролық қаруды таратпау туралы бастамаларды ұдайы көтерумен келеді. Соңғы жылдары ядролық қаруға ие державалар арасындағы қақтығыс артты. Ядролық қаруға ие Ресей көршілес Украинамен соғысуда, ал ядролық қаруға ие Үндістан мен Пәкістан қарулы қақтығысқа түсті. Ядролық қаруы бар Израиль ядролық қару жасауы мүмкін Иранмен қақтығысты. Бұл әлемде ядролық қарудың соғыс жағдайында қолданылу қаупін арттыруда. Қазақстан осы сәтте әлем елдеріне үн қатып, ядролық қарудан бас тартуға шақыруда. Қақтығыстарды келіссөз арқылы шешуге шақыруда.
Сириядағы азаматтық соғыстың салдары миллиондаған адамның тағдырына әсер етті. БҰҰ, Еуропа елдері, АҚШ сынды алпауыттар шешім таба алмай жатқанда, Қазақстан бейтарап алаң ретінде Астана процесін ұсынды. Бұл – біздің елдің бейбітшілікті тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде қолдайтынын көрсететін айқын дәлел.
Қазақстан тараптар арасында диалог орнатып, өзара сенімге жол ашты. «Біз тек бейбіт процестерді қолдап қоймай, оны жүзеге асыратын ел болуға тиіспіз», – деді Президент Тоқаев осы ретте.
Қазақстан Қарулы күштері жанынан құрылған KAZBAT – еліміздің БҰҰ миссияларындағы бітімгерлік әлеуетінің басты күші саналады. Бұл бөлімше Ливандағы «БҰҰ Уақытша миссиясы» шеңберінде қызмет етіп, әлемдік аренада ел беделін арттырып келеді. KAZBAT сарбаздары тек қарумен емес, гуманитарлық көмек, медицина және инфрақұрылым саласында да көмек көрсетіп жүр. Олар бейбіт елдің өкілі ретінде әлемнің әр түкпірінде «Қазақстан» деген атауға лайық қызмет етуде.
Қазақстанның бітімгерлік күштері Тәжікстандағы қақтығысқа қатысып, гуманитарлық миссияларды атқарды. Лаңкестердің бірнеше шабуылын тойтару операцияларын да іске асырды. Ондаған қазақ жауынгері тәжік-ауған шекарасында содырлармен шайқасып, ерлікпен қаза тапты. Ирактағы соғыста Қазақстанның бітімгерлік күштері жарылғыштан елді-мекендерді тазарту миссияларын атқарды. Миллиондаған минаны тазартып, бір сарбаз қаза тапты. Африка құрлығындағы түрлі қақтығыстарда Қазақстанның бітімгерлік күштері қатысуда. Олар гуманитарлық миссияларды атқаруда.
Қазақстан бітімгершілік бастамаларды тек халықаралық аренада емес, ел ішіндегі тұрақтылық арқылы да жүзеге асырып отыр. Этносаралық келісім, дінаралық диалог, әлеуметтік әділет – осының бәрі ел ішіндегі бейбіт өмірдің негізі.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы», «Діни келісім күндері», «Медиация институты» сияқты тетіктер ел ішінде дау-дамайдың алдын алып, ортақ мәміле мен тұрақтылыққа шақырып отыр.
Қазіргі әлемде бітімгерлік тек қарулы жанжалмен шектелмейді. Су ресурсы, азық-түлік қауіпсіздігі, климаттың өзгеруі – барлығы да жаһандық тұрақсыздықтың себепшісі бола алады. Қазақстан осы мәселелер бойынша да бастамашы ел ретінде танылып жүр. 2024 жылы Алматыда өткен Орталық Азия су форумы – осы бағыттағы тың қадам саналады.
Президент бұл мәселелерді БҰҰ мінберінде де көтеріп, Қазақстанның бейбіт саясатты ғаламдық деңгейге шығара алатынын көрсетті.
Бүгінгі геосаяси турбуленттілік заманында бейбітсүйгіш ел болу – бұл дипломатиялық даналықтың, стратегиялық көрегендіктің белгісі. Қазақстан бұл жолда біржақты пікірмен емес, салмақты шешіммен әрекет етуде. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтқанда: «Бейбітшілік – бұл декларация емес, әрбір күнде жасалатын нақты әрекет». Сондықтан Қазақстанның бітімгерлік миссиялары – бұл жай ғана сыртқы саясаттың бағыты емес, ұлттық мінездің айнасы, тарихтың жалғасы, болашақтың кепілі.
Mezgil.kz