Шодиев Ресей арқылы ERG-ді құрдымға сүйремек пе?

Әлгінде ғана Қазақстанның қазба-байлығының арқасында шалқып-тасып, дүние жинаған, бүгінде Бельгия азаматтығын алған Патох Шодиевтің Қазақстандағы алып компанияны кім-көрінгенге сатып кетуге асығып отырғаны туралы егжей-тегжейлі жазған едік.

 1752860252990688.jpg

(Суреттер: rubaltic.ru, erg.kz)


Бүгін «Келин услышала» Telegram арнасы Шодиевке қатысты тағы бір тың деректі жазыпты.

 

Telegram арнаның хабарлауынша, белгілі қазақстандық миллиардер Патох Шодиевтің бастамасымен «Еуразиялық қаржы компаниясы» (ERG) төңірегінде корпоративтік жанжал өршіп тұр. Арна дерегінше, біраз жылдан бері Қазақстаннан тыс елде тұрып жатқан Шодиев директорлар кеңесінің өз келісімінсіз қабылдаған шешімдерін жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгінген.

 

Telegram арна Шодиевтің бұл әрекетін компанияның басқарушы құрамына қысым көрсету, корпоративтік тұрақтылықты әлсірету және кейінгі қайта құрылымға жол ашуға бағытталған ауқымды науқан ретінде сипаттайды.

 

«Келин услышала» дерегінше, соңғы екі жыл ішінде ERG тобының активтерін жаңғыртуға 800 миллион доллардан астам инвестиция тартылған. Бұл қаржының көп бөлігі Павлодар мен Қарағанды облыстарындағы тау-кен металлургия кешендерін жаңартуға жұмсалған. Алайда ауқымды өзгерістермен қатар, ERG кәсіпорындарында адам өліміне себеп болған қайғылы оқиғалар да тіркелген.

 

Жаңғырту бағдарламасы компания табысын дивиденд емес, өндірісті дамыту мен жұмысшылардың жалақысын өсіруге бағыттауды көздейді. Арна пікірінше, дәл осы саясат Патох Шодиевтің мүддесіне сай келмейді. Сән-салтанатқа үйренген олигарх басқаруды өз қолына қайта алып, бұрынғыдай мол дивидендтер төленгенін, сондай-ақ шеткері және тиімсіз активтердің сатылуын қалайды.

 

Бұған қоса, арнада мемлекет тарапынан ықпал ету тетіктері де еске салынады. Мәселен, Шодиевтің жиені Орифджан Шодиев «Казкоммерцбанкке» 16 миллиард теңге көлемінде залал келтіргені үшін шартты түрде сотталған. Бірақ бұл шығын әлі өтелмеген.

 

«Келин услышала» бұл жанжалға ERG тобының негізгі несие берушілері – Ресейдің санкцияға іліккен ВТБ мен Сбербанктің қандай реакция білдіретіні де әзірге беймәлім екенін атап өтеді. Себебі Шодиев басқарған кезеңде ERG осы банктерден жалпы сомасы 7 миллиард долларға жуық кепілсіз несие алған. Тек ВТБ алдындағы берешек шамамен 3 миллиард долларды құраған.

 

Егер аталмыш банктер корпоративтік дағдарысты желеу етіп, қарыздарын қайтаруды талап етсе, ERG активтерін еркін басқару мүмкіндігінен айырылып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда Патох Шодиев те өзінің ықпалынан, тіпті мүлкінен айырылу қаупімен бетпе-бет келмек.


Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар