Алакөл жаңа маусымға дайын: Жетісудағы 10 оң өзгеріс

Жетісу облысындағы Алакөл курортты аймағы биылғы жазғы маусымға толық дайын. Жаңарған инфрақұрылым, қолжетімді көлік қатынасы, қауіпсіздік пен санитарлық жағдайға ерекше назар аударылып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

 1750249899996210.jpg

(Сурет:https://www.gov.kz/)


Төменде жаңа маусымдағы басты 10 жаңашылдықпен таныса аласыз:

 

1. Әуе рейстері көбейді

Алакөлге күн сайын Астана мен Алматыдан тікелей рейстер қатынайды. «Алматы–Үшарал» және «Астана–Үшарал» бағыттарындағы ұшақ билеттері мемлекет тарапынан субсидияланып, 20 000 теңгеден сатылады. Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жаңартылып, ірі әуе кемелерін қабылдай алады.

 

2. Пойыз бағыттары артты

Жазда көлге қатынайтын пойыздар саны 13-ке жетті. Астана мен Алматыдан «Тальго» жүрдек пойызы қатынайды. Сонымен қатар, Өскемен, Павлодар, Қызылорда, Семей және Ақтоғай бағыттары қосылды.

 

3. Автобус қатынасы жолға қойылды

Алматыдағы «Сайран» және Талдықорған автобекеттерінен Ақши мен Көктұма ауылдарына тұрақты автобустар жүреді. Билет бағасы 5 000–9 000 теңге аралығында.

 

4. Медициналық қызмет күшейді

Ақши ауылында амбулатория мен дәріхана жұмыс істейді. Тәулік бойы жедел жәрдем қызметі қолжетімді. Облыс орталығынан мамандар — хирург, кардиолог, травматолог және басқа дәрігерлер кезекшілікке жіберіледі.

 

5. Қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Ақши ауылында Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары тәулік бойы кезекшілік атқарады. Жағалауда 19 құтқарушы мен 28 полиция қызметкері тәртіпке жауапты. Құтқару мұнараларының саны 9-ға жетті.

 

6. Су көлігін бақылау жүйесі енгізілді

Алакөлдегі су көлігінің қозғалысын реттеу үшін Суды ортақ пайдалану ережесі бекітілді. Инспекторлар саны артты. Жағалауда 3 тұрақ және құқық бұзушыларға арналған арнайы айыппұл алаңы құрылды.

 

7. Байланыс және интернет жақсарды

16 базалық станция жұмыс істеп тұр. 2024 жылы тартылған оптикалық-талшықты желі арқылы интернет жылдамдығы артты. Туристік нысандар кезең-кезеңімен қосылуда.

 

8. Санитарлық инфрақұрылым жаңарды

11 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды, маусым соңына дейін тағы 12-сі қойылады. Сонымен қатар, 60 қоқыс жәшігі мен 20 биотуалет орнатылады.

 

9. Экологиялық қауіпсіздікке көңіл бөлінді

Ақши ауылында кәріз-тазарту жүйесінің құрылысы басталды. Бұл – көл экологиясын сақтау үшін маңызды қадам.

 

10. Электр желісі мен жағалауды нығайту

«Ақши» қосалқы станциясының құрылысы жүргізілуде. Бескөл–Ақши бағытында жоғары вольтты электр желілері тартылып жатыр. Көктұма мен Ақши ауылдарында жағалауды бекіту жұмыстары басталды.

 

 

Алакөл – Қазақстандағы ең танымал ішкі туризм бағыттарының бірі. Жетісу облысы туристер үшін қауіпсіз, қолайлы және заманауи инфрақұрылымы бар демалыс аймағын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр.


Mezgil.kz



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар