ҚҚС мөлшерлемесін көтеру – мемлекеттік қаржы жүйесін нығайту шарасы. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбен айтты.

(Сурет: kisi.kz)
Әсел Әбен, сарапшы:
– Қоғамда кең резонанс тудырып, ең көп талқыланған тақырыптардың бірі – жаңа Салық кодексі, тиісінше салық салудың жаңа ережелері болды. Салық жүйесін қайта қарау туралы шешім соңғы бірнеше жылдағы жетіспеушіліктегі бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту қажеттілігімен байланысты. Қазіргі уақытта тапшылық жалпы ішкі өнімнің 2,7 пайызын құрайды. Бұл ретте алдағы 2025 жылға бюджеттің кірісі 21,39 триллион теңге, ал шығысы 25,19 триллион теңге болады деп жоспарлануда. Жоспарланған тапшылық 4,1 трлн теңгені құрауы мүмкін, бұл келешекте біртіндеп төмендейді. Мемлекеттік қаржыны нығайту және бюджетті тұрақтандыру үшін ұсынылған құралдардың бірі қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерін қазіргі 12%-дан 20%-ға дейін арттыру.
Көптеген елдерде бұл көрсеткіш 15-20% құрайды, бұл біздің еліміздегі қазіргі көрсеткішті ең төменгі көрсеткіштердің біріне айналдырады. Бұл шара бірқатар оң нәтижелерге әкеледі:
Біріншіден, салық түсімдерінің артуы. ҚҚС мөлшерлемесін көтеру бюджет кірісін 5-7 трлн теңгеге дейін ұлғайтады және бұған дейін бірнеше рет талқыланған Ұлттық қордан трансферттер алуды тоқтатуға әкеледі.
Екіншіден, салықтық қамтуды арттыру. ҚҚС төлеушілерді тіркеу шегін төмендету жоспарлануда, бұл шағын және орта бизнесті көбірек тартады, салық түсімдерін арттырады.
Үшіншіден, ҚҚС ұлғаюымен қатар еңбекақы қорына салық жүктемесін азайту қарастырылуда, бұл бизнеске қаржылық жүктемені жеңілдетуге және жалақының ашықтығын ынталандыруға тиіс.
Сәйкесінше, негізгі жүк түпкі тұтынушыларға түседі. Дегенмен, бұл келеңсіз салдарлар қысқа мерзімде орын алып, кешенді жұмыс жүргізгенде оларды азайтуға болады деп күтілуде. Ол үшін жаңа салық режиміне бейімделудің нақты шараларын ойластыру қажет.
2024 жылы өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев: "ҚҚС-ты 12-ден 16 пайызға дейін көтеру – бұл түпкілікті шешім емес, Қазақстанда мүлдем басқа сипатқа ие болған ҚҚС-тың өзін де реформау қажет" деген болатын. Қалай болғанда да, әзірге нақты шешім жоқ, талқылаулар жалғасуда. Мемлекет басшысы айтқандай, "Қателесуге құқымыз жоқ... Жалпы, әрине, реформа қажет екенін растаймын...". Жақын арада оңтайлы шешімі табылады деп ойлаймыз.
Mezgil.kz