29 желтоқсан сағат 11:00-де «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында (Қонаев к-сі, 1) Қазақстан Республикасы Президентінің атынан «Жаңа жыл республика төрінде» атты республикалық шырша өтеді.
Жаңа жылдық мерекеге еліміздің барлық өңірінен 8 бен 12 жас аралығындағы 100-ден астам мектеп оқушылары шақырылды. Олар оқуда, сондай-ақ, шығармашылық, интеллектуалдық және спорттық сайыстарда жетістіктерімен үздік шыққан балалар.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысады.
Елорданың үздік шығармашылық ұжымдарының 400-ден астам әртістері мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солистері балаларға жаңа жылдық қойылымдарын ұсынады. Сондай-ақ белгілі қазақстандық әртістер Маржан Арапбаева, Қарақат Әбілдина, Ержан Максим ән шырқап, балалар шыршаны айналады.
Ұмытылмас мерекеге қатысушылардың барлығына Президенттің құттықтауы мен бағалы сыйлықтары бар жаңа жылдық тілекхат табысталады.
Айта кету керек, Елорданың кішкентай қонақтары үшін 27-29 желтоқсан аралығында үш күн бойы қаланың ең көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылды.
Mezgil.kz